ӘН-ТАРИХ «АНА-ӘКЕ» әнінің шығу тарихы

Әрбір жұмырбасты пенде үшін өмірде қимас екі асылы бар. Ол – ана, ол – әке! Бұл екі адамның алдындағы перзенттік борышымызды біздің ешуақытта өтей алмайтынымыз анық. Әуелі олар бізге жарық дүниені сыйлады, сосын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай бағып-қағып, өсіріп-жетілдірді. Әкенің «балам», ананың «қалқам» деген сөздерін естіп өскен балада қандай арман болсын! Әке десе – ауылы, ана десе – бауыры есіне оралатын перзент жүрегі «қайтсем ата-ана алдындағы борышымды өтей алар екем» деп дамылсыз соғумен болады. Алыстан аңсай жеткенде, мейірлене құшағына құлайды, еркелей етегіне аунайды.

Ата-анасына әркім әрқалай  сый-құрмет көрсетіп жүр. Сыйдың ең үлкені – жүректе тербей, көңілде толқи  шыққан ән болса керек! Бұған ел ауы- зында жүрген Шәмші Қалдыаяқовтың «Ана туралы жырын», Ескендір Хасанғалиевтің «Анаға сәлемін», Нұрғиса Тілендиевтің «Әке туралы жырын», Марат Омаровтың «Анашымы» мен «Әке арманын», Есет Сәдуақасовтың «Әкешім-Анашым» әндерін мысал етсек те жеткілікті.

Кейінгі кезде әнге, өнерге деген ынтызарлығы өзінен де биік Әбдіжаппар Әлқожа дейтін талантты жас әнқұмар елдің жүрегін біртіндеп жаулап келеді. Алғашында Роза әпкесімен бірге гастрольдік сапарлармен шығып, «Иман келтіру», «Ақ тілек» әндерімен көрініп қалған әнші соңғы жылдары «Ана-әке» дейтін әдемі бір әнді орындап жүр. Бұл туындыны дәл Әбдіжаппардай жүрекке жеткізе айтар әншіні таяу маңда таба қою да қиын шығар, сірә.

 

Ана, аяулым өзіңмен мақтанамын, 

Ана, мен сені меккеге апарамын,

Ана, баланың қолдағың бақ талабын, бұлағымсың.

 Әке, бір жылы сөзіңе шаттанамын,

Әке, мен сені меккеге апарамын,

Әке, биікке самғайды баптағаның, шынарымсың әке…

 

Ән қайырмасы осылай тербеп, шымырлап бойыңа жайылғанда, еріксіз көзіңе жас іркисің.

Ән қалай туды? Енді соған келейік. Ән авторы Роза Әлқожа Үшқоңыр жайлауының маңындағы Ақжар ауылында тұрады. Үйдің тұңғышы болғандықтан, ағайындары оны ата-әжесінің қызы санайды. Мәлік ақсақал мен Күләй кейуана да көздері тірі кезінде Розаның тұлымына жел тигізген емес. Ата-анасы Әбдіразақ пен Алтынай мұны жақсы біледі, сондықтан Роза қыдыра барғанда құшақ жая қарсы алғаны болмаса, еміреніп бауырларына басқан емес. 9-сыныпта оқып жүргенде-ақ Роза алғашқы әндерін жаза бастайды. Ең алғашқы әнін атасына арнағаны есте. Содан әке, ана туралы ән жазғысы келетін. Бірақ, Шәмшідей өлмес ән шығару қайда деп жүрексі нетін. Сөйтсе де, әкеге, анаға деген махаббатын оңаша қалғанда іштей ыңылға қосатын.

Кейде концерттен шаршап келгенде інісі Әбдіжаппар екеуі Үшқоңыр жайлауына барып, төбе қуалап  қыдырстайтыны бар. Сондай серуеннің бірінде Әбдіжаппар: «Роза әпке, осы сіз қаншама ән жазып жүрсіз. Маған арнап бір тамаша ән жазбадыңыз ғой. Айта жүрер едім» деп інілік қолқа салады. Роза іні базынасына ойланып қалады. Осы сәт көптен іштей ыңыл боп маза бермей жүрген әуен еске түседі. «Оңаша шығайыншы…» деп өтініш етеді інісіне. Былайырақ барып, марқұм ата-әжесі есіне түсіп, көзінің жасын да сығып алады. Сосын қайта келіп, «мына әнді тыңдап көрші, бірақ күліп жүрме» деп, көптен көкейде пісіп, мазалап жүрген әнді орындайды.

 

Ана, аяулым өзіңмен мақтанамын,

 Ана, мен сені меккеге апарамын…

 

Қайырманы өзінің жазғаны ақиқат. Әсем дауысы әнге құйылып-ақ тұр. Ән иіріміне елтіп, сілтідей тына қалған Әбдіжаппар кенет даланы жаңғырықтыра: «Керемет қой! Тамаша ән ғой мынау, Роза әпке! – деп айқай салады. – Мұны тек маған ғана бересіз, мен ғана орындаймын! Уәде беріңіз!» – деп балаша қуанып кетеді.

Осылайша екеулеп тауда туған әнге бауырлары Бауыржанға ән шумақтарын жаздырады. Бауыржан да: «Сіздің ән-қайырмаңызды бұза алмадым. Әуеннің ажарын ашып тұр екен. Сол күйі қалдырдым» деп шешімін айтады.

Жанашырым – ана, дара шыңым – ана

 Бар асылым – ана, шуағымсың.

Бағбанымсың – әке, зор бағымсың — әке 

Қорғанымсың – әке, шырағымсың.

 

Өмір берген маған, көңіл бөлген маған,

 Сенім берген маған ай-күнімсің.

Қамқорларым дана, сүйенішім дара, 

Әке менен ана – байлығымсың.

 

– Бір қызығы,-деп күле еске алады Роза Түркістанға келген бір сапарында, осы ән айтылғанда анам әкемді ортаға вальс билеуге шақырып, ән айтушы Әбдіжаппарға ризалықпен: «Жаным сол» деп еміреніп, айналып-толғанып жатқанын байқаймын. Ән   авторы мені «көзіне де ілмейді»… Мұны мен ата-енелері, ата-әжеме деген құрметі ғой деп ұғамын. Кім біледі, бұл әнім ата-анам – Мәлік атам мен Күләй әжеме соғылған ән-ескерткішім де болар…

Әттең, Розаның ендігі арманы, ән қайырмасында айтылғанындай, Әбдіжаппар екеуі ата-аналарын Меккеге алып баратын сәтін салса, одан асқан бақыт бол мас еді…

Міне, осылайша «Мен сыйға тартқан орамал», «Жүрек назы», «Жылатқаның неткенің» сынды талай танымал әндердің авторы Розаның қазақи бояуы қанық тағы бір әні қазақ даласын аралап кете барған еді….

 

БЕКЖІГІТ СЕРӘЛІ композитор, ғалым профессор

 

One thought on “ӘН-ТАРИХ «АНА-ӘКЕ» әнінің шығу тарихы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика