Бет ТЕБЕРІК         АЙТАРЫҢЫЗ БОЛСА, ОРТАҒА САЛЫҢЫЗ

Құрметті  редакция-Сіздерге жолданып отырған Оңтүстікте өмір кешкен Майлықожа ақынның Оңтүстіктегі игі жақсыларын мадақтаған өлеңі. «Ғалымның хаты өлмейді- Жақсының аты өлмейді» – деген емес пе?  Сөз саптауы, өлең жолдарында есімінің кездескеніне қарағанда, әлі күнге көпшілікке таныла қоймаған бұл дүние Майлықожа ақынға тиесілі секілді. 

           Ұят – беттің пердесі,

Іммәт – ердің зердесі,

Майлықожа ақынның

Тыңдағын, болса ақылың,

Насихат қылып жақсыға,

Айтып кеткен термесі.

Халық орнында отырып,

Хан тұрғанда тағында,

Біздер де туған баламыз,

Бегілер бегі уақытында.

Ақын болып ілестім,

Жақсылардың бақытына.

Жеті кенттің біреуі –

Шымкент пенен Сайрамы.

Шалқушы еді қазақтың

Қымызы менен айраны.

Байы көп боп, кедей аз,

Білмейтін еді пайданы. 

Көзбенен көріп өткіздім,

Екі-үш дүркін қарияны.

Жылқы да өткен, қой да өткен,

Жиын да өткен, той да өткен,

Ажырық қысқан тарыдай,

Адамзаттан бой кеткен.

Жасы үлкеннен Шымкентте,

Байзақ өтті Шойбекпен.

Халық қайыл қалушы еді,

Ақылды Асқар қожа деп,

Ордада омырау болушы еді,

Ыстыдан шыққан Шоқай мен

Сиқымнан шыққан Қожабек.

Батырбек датқа – бақ датқа,

Бәрінен асты оза кеп.

Қарқыны бәсең кісі еді,

Сапақ та өтті қарар боп.

Қараның өтті хандары,

Қарайған халыққа мәлім боп.

Кере қарыс маңдайы,

Қабырғалы қарын боп.

Айқын болды қазаққа

Батырбек, Байзақ сарын боп.

Сол қатарлы ерлердің

Қара жер кетті бәрін жеп.

Жастығын жаудың қуратқан,

Сыпатай өтті Дулаттан.

Дәуренбек бимен шаншысып,

Үй ара жау боп аңдысып,

Мұсабек те өтті Қоңыраттан.

Мәмбет бидің әулеті

Бес жүз үйлі ел болып.

Бір кісінің «сідігі» –

Даланы қаптап сел болып.

Түйені жұтты түгімен,

Жылқыны жұтты жүгімен,

Көтере тентек тел болып,

Сұрау бермей қазаққа,

Байзақ шықты бел болып.

Қызыл қанды уыстап,

Ақмолда шықты ел болып.

Екі наһан бұлқынып,

Соғысты Дулат сең болып.

Батырбек пен Байзақ

Бір-бірімен сынасты,

Таразыға тең болып.

Үйін бүтін көшірмей,

Ұйқыдан көзі тесілмей,

Өртеген оты өшілмей,

Екі жыл күн-түн белінен

Қылыш-қаңтар шешілмей,

Екі шалдың ашуы –

Осынша жұртқа ем болып.

Қабас таяқ жеп еді,

Қарсы боп датқа Қонысқа.

Қоқанда өлді сондай ер

Бағынбаймыз деп орысқа.

Қара орынның баласы –

Мұсабек тұрды болысқа.

Төртбай да өтті Темірден,

Шымырға әуел қазы боп.

Алдына барған дауагер

Екі жағы ыразы боп.

Нармамбеттің қолында,

Аттанысқан жолында,

Төрт жетімше атанды –

Имамберді, Мәделі,

Момбек датқа, Әжібек

Түркістанда мекені.

Көтеншілер халқының,

Үргеніште қалды сүйегі.

Телқозы батыр алпының,

Талай жауларды ажыратып,

Көрсеткен еді салқынын.

Әулеті батыр, бек болды,

Жетімдерде парқының.

Егесіз көлдер тартылып,

Қайраны қалды артының.

Қылбелбеу мен Қараман

Қаптап жатқан халқы еді.

Жаманбайдың бағы озған

Елғонды би жалқы еді.

Қоңсы еді Қоқанға

Көңілі жақын Жантелі.

Он жеті жасар күнінде,

Абылай ханды шақырған,

Ағасы оның Байтелі.

Парқы аталық баласы

Айтбай батыр, Төлеген,

Үсенбайдың көркіне,

Жоқ еді адам келмеген.

Байзақтайын алтайы –

Қазақта тумас енеден.

Сауранбайұлы Дүйсенбі,

Есітеміз хабарын,

Дүниеден о да жөнеген.

Бастаушы еді сол ерлер

Тарпаң менен көбеңді,

Емен менен сең еді.

Мұсылманың көп еді,

Қуған менен қашқыны,

Артық еді бағасы –

Батырлардың мәшһүрі.

Қара қазан сыпайы

Қаңлы менен Шанышқылы,

Молда Қошық датқа еді,

Шанышқылының бастығы.

Қырық сан барақ Ташкеннің

Жау болып келмей шамасы

Атын айтса қазақтың

Айбынушы еді қаласы.

Молда Қошық өтіпті,

Бұл дүниеден кетіпті,

Абақта деп есіттім,

Бір қайратты баласы,

Нарбек  деген данасы.

Байқамадым бар жаққа,

Батырбектің теңесін

Қоңыраттан Құдай тудырды,

Қарадай қайғы кеңесін.

Тұрлыбек болыс боп шықты,

Ауылды ара жік қылып,

Әркімнің жарып түйесін.

Шақырып атын мінгізген,

Сарпай сайлап кигізген,

Өтіп кетті сол ерлер

Іздеусіз қалды демесін.

Сары даланы шаң қылған,

Қоқаннан олжа мал қылған,

Мырза, биді өлтіріп,

Батырлығын даң қылған. 

Құлшығашта ер Тәнен,

Мұсабек батыр Жандарда,

Байбақ  өтті Алғыйдан.

Жастай алды қәріні,

Ажалға себеп дәріні,

Қаптаған қара борандай,

Ысмайылдың  сарыны

Өзі өлгенше ешкімнен

Қайт болмай кетті арыны,

Өліп кеткен ерлердің

Рақмет тисін бәріне.

Есіткен қауым құлақ сап,

Дуа қылсын бәрі де.

 

Осыны айтқан Майлының

Болсын жәннат жәйі,- деп жүйелеп Сіздерге ұсынған

 

 Сейт Омар Саттарұлы

Сарыағаш қаласы.

 Осы айтылған өлеңде  Оңтүстіктің бір дәуірде өткен игі жақсыларының көбісі қамтылған.Ал естелік болса, тарих болса ортаға салыңыздар.

 

17 thoughts on “Бет ТЕБЕРІК         АЙТАРЫҢЫЗ БОЛСА, ОРТАҒА САЛЫҢЫЗ

  1. 942566 532208Soon after study some of the websites together with your internet website now, i genuinely as if your way of blogging. I bookmarked it to my bookmark internet site list and is going to be checking back soon. Pls appear at my site likewise and figure out what you believe. 727509

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика