ҚАЗАҚСТАНДА ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

АЙДАРЫ: БАҒДАР

ҚАЗАҚСТАНДА ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

Биылғы жылдың қаралы қаңтары Қазақстан үшін елдің тұтастығы мен тәуелсіздігіне  қауіп төндірген аса күрделі кезеңмен басталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дер кезінде қабылдаған батыл әрі дұрыс шешімдерінің арқасында  шаңырағымыз шайқалмай, жағдай тұрақтанды. Береке-бірлігімізді, тыныштық-тұрақтылығымызды сақтап қала алдық. Мемлекет басшысы бұл кезеңде төтенше жағдайға байланысты шұғыл әрекет етумен қатар болашақты жүзеге асырулы тиіс  шараларды тізбектеп, Парламенттің кеңейтілген отырысында дамудың жаңа бағыттарын айқындап берді. Егемен елімізді өркендету мақсатындағы бұл әс-әрекеттерді ардагерлер, аға буын өкілдері  парасатты әрі пайымды, мақсатты әрі айқын бағдар ретінде қабылдады, қолдады. 

ХАЛЫҚТЫҢ ТАЛАБЫ-ҮКІМЕТ ЖҰМЫСЫНЫҢ БАҒДАРЫ

Ел  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі қоғамда үлкен серпіліс тудырды. Мемлекет басшысы жаңа Қазақстанға бағыт алған мемлекетіміздің  негізгі  принциптерін жан-жақты саралап,   әлеуметтік теңсіздікті, жемқорлық пен жұмыссыздықты жою, қаржы нарығын реттеу, экономикалық өсімді қамтамасыз ету,  ел басқару ісіне өзгерістер енгізу және оны жетілдіру, ұлттық сананы жаңарту, азаматтық қоғам құру секілді көптеген мәселелерді жүзеге асыру үшін үкіметке түпкілікті нәтижеге бағытталған нақты тапсырмалар жүктеді. Ендігі жерде жұмыссыздықтың алдын алу және оны азайту ұлттық деңгейде шешілетін болады. Бұл әсіресе халық көп шоғырланған аймақтардағы әлеуметтік мәселені оңтайлы шешуге мүмкіндік бермек.  Әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздықты жою  мақсатында «Алғашқы жұмыс орны» және «Жастар практикасы»  бағдарламасына енгізілетін өзгерістер жас  мамандарды қолдауға, солардың арқасында келешегімізді кемел ету мақсатында қолға алынған игі істің бірі деп білемін.  Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы мамандық алған жастардың бос сенделмей тұрақты жұмыс табуына мүмкіндік бермек. Орта арнаулы және жоғары оқу орындарын енді бітірген жастар мемлекет тарапынан әлеуметтік жағынан  үлкен қолдауға ие болады. 

Президент елімізде жоғары білім алудың қолжетімді болуына да баса назар аударды.  Бұл мақсатта әлемдегі ең озық жоғары оқу орындарының елімізде филиалдарын ашуды тапсырды. Менің ойымша бұл ең алдымен мемлекетіміздегі білім сапасын арттырады және  білікті мамандарды  даярлауға мүкіндік береді.  Сондай-ақ, елімізде жаңа технологиялардың дамуына   жол ашатынына сенімім кәміл. Осы орайда аймақтардың ерекшелігіне сай мамандар даярлауды, оның ішінде еліміздің батыс өңірлерінде техникалық білім беретін жоғары оқу орындарын  ашу тапсырмасы өте құптарлық жәйт. Жаңа бастамасының арқасында Қазақстанда  инженерлік-техникалық мамандардың жаңа әрі кәсібіи тұрғыдан жоғары білікті буыны қалыптаспақ.

Қоғамда заңдылық пен құқық тәртібінің үстемдік құруы. Бұл ендігі жерде ел бірлігінің негізгі қағидасына айналады,-деді мемлекет басшысы. Демек, ендігі жерде  азаматтардың құқықтары мен бостандықтары сақтала отырып, әлеуметтік әділдікке қол жеткізуге болады деген сөз.  

Мемлекеттік қызметтегі бюрократия мен қағазбастылық елімізде қабылданған көптеген бағдарламалардың жүзеге асуын барынша тежеп келе жатқан факторлар. Олардың тек кабинетке қамалып іс атқаруы  билік пен халықтың арасын алшақтатып жіберді. Ел басқару ісінде жүргендер жоғарыға ақпар берумен ғана шектелгендіктен халықпен кездесіп, пікірлесуден қаймығатын болды. Мұндай жағдай биілік басындағыларды бұқараның сөзі мен мұқтаждағын көзге ілмейтін  дәрежеге жеткізді. Бұл бүгінгі басшылардың бойындағы кейбір адамилық және іскерлік қасиеттердің жетіспеуінен болып жатқан кемшіліктер екені анық. Осыны қатаң сынға алған мемлекет басшысы ел басқару ісіне өзгерістер енгізуді және оны жетілдіруге де айырықша маңыз берді. 

Қорыта айтқанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Праламенттің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде еліміздің әрі қарайғы өсіп-өркендеуі жолында мақсатымыздың айқын, мұратымыз бір екенін танытты.  Үкіметке жүктелген барлық тапсырма мүлтіксіз орындалатын болса халықымыздың әлеуеті де, хал-ахуалы да жақсара түсетіні сөзсіз. Осының барлығы сайып келгенде қастерлі құндылығымыз, азаттығымыздың айғағы Тәуелсіздігімізді сақтап қалу, оны баянды ету үшін жасалатын игі істер болмақшы.

Осы орайда, әрқайсымыз елдің, мемлекеттің, ұлттың, ұрпақтың бүгінгі тағдыры мен ертеңгі қамы, келешегі жолындағы жоғары жауапкершілікті иығымызға артып, бос сөзге ермей, бірлік пен ынтымақты насихаттау парызымыз деп түсінуіміз керек.

 

ЖЕҢІСБЕК МӘУЛЕНҚҰЛОВ

 

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ 

АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика