ЖАҚСЫЛЫҚ ҰЯ САЛҒАН ЖҮРЕГІНЕ

«Артыңа өкінбестей жақсы із қалдыра біл» деген сөз бар. Көп айтылатын осы сөздің астарына үңіле отырып, өмір жолыңда сенің бүкіл адами қадір-қасиетіңнің ізі сайрап жатуы қажет екенін түсінесің. Осындай ізгілікті қасиетке ие деп Мырзакент кентінде тұратын Еңбек ардагері, Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы Нұрғали Тұрашұлы ағамызды айтуға болады.

Өмір мектебінен әдемі өткен, көкірек көзі сау, сөзі түзу, жүрегі таза адаммен тілдесудің өзі бір ғанибет. Нұрғали ағамен дидарласып, сұхбаттасқан кезде ол кісінің бүгінге дейінгі жүріп өткен өмір жолы маған үнемі алға ұмтылудың, қиындықпен тайсалмай күресе білудің жарқын үлгісіндей көрінді. Ой бөлісу үстінде тағы бір аңғарғанымыз, арғы затында тектіліктің бары бірден көрініп тұрды. Кісілігі басым, ізетті, мәдениетті. Әрбір нәрсеге парасат-пайыммен қарайды.

– Біздің атамыз Ізікен 1928 Мақтаарал ауданы құрылған жылы  сонау Батыстағы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданынан 40 шақты отбасыны өзі бастап Мырзашөл тыңын игеруге көшіп келген екен,- деп бастады әңгімесін әріден толғаған ағамыз.

– Мырзашөл тыңын игеру оңай болған жоқ. Бетпақ дала төсіндегі күре тамырдай болған бұрынғы Киров, қазіргі Достық каналын қазуға еліміздің әр түкпірінен мыңдаған азаматтар шақырылып, олар күні-түні каналды қолмен қазды. Осы канал шөл даланың бойына қан жүгіртіп, нәр берді. Атам Ізікен сауатты, шаруашылық ісін жақсы меңгерген, ұйымдастыру қабілеті күшті, абырой-беделі мықты жан болған екен. Мырзашөлдегі іргелі шаруашылықтың бірі – «Алғабас» колхозын құрып, алғашқы төрағасы болған.

Ардақты әкем Тұраш үш ағайынды еді. Өзінен кейінгі інісі Сырлыбай Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапты. Артында ұрпақ қалмады. Кіші інісі Нұраш 80-ге таяп қайтыс болды. «Коммунизм» колхозын өркендетуге үлес қосқан еңбек ардагері еді. Өздері өсіп-өнген әулет. Менің әкем  Тұраш та ҰОС-на қатысқан, ерлігі үшін бірнеше орден, медальдармен марапатталған. 1993 жылы ауыр жарақат алып, елге оралған соң бір жылдық курста оқып, мал дәрігері мамандығын алады. «Алғабас»  колхозында көп жыл мал дәрігері, мақта, жем-шөп бригадирі, тауарлы сүт, мал фермасының меңгерушісі болып абыройлы еңбек етті. 1995 жылы 72 жасында бақилық болды. Ал анам Шархат колхозда қарапайым жұмысшы болып істеді. Мақта егіп, мақта терді. Таң қыла бере жұмысқа кетеді, түннің бір уағында келеді. Бала кезімде әлі есімде күздің қара суығында  мақтаның қап-қап көк көсегін үйге әкеліп, қазанға салып кептіріп, түні бойы көсек аршитынбыз. Ата-бабамыз бен әке-шешеміздің бастан кешкен қиындықтарын айтсам бүгінде ертегідей естілер. Ол кісілер соғыс жылдары жүректі бір үзім қара нанмен жалғап, бір жұтым сумен шөлін басқан ғой.  Анам Шархат ауыр бейнеттің әсерінен бе, сырқаттанып 61 жасында өмірден ерте өтіп кетті,-деп терең күрсіндіНұрғали аға. Анасының мейірімді шуақты дидарын, айналып-толғанған сәттерін әлі күнге сағынышпен еске алатынын айтты.

Нұрғали ағамыз үйдің тұңғышы болғандықтан ертерек есейіп, өзінен кейінгі қарындасы Нұрсұлу мен інілері Нұртас пен Нұрпейіске қамқор болды. 1963 жылы 15 жастағы бозбала Түркістан педагогикалық училищесіне бастауыш сынып мұғалімдерін дайындайтын бөлімге оқуға түсіп, оны үздік тәмамдайды. Бұдан соң Қызылорда педагогика институтында оқып, «Химия-биология»  факультетін 1972 жылы «Қызыл дипломмен» бітіріп шығады. Институт жолдамасымен туған ауылындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепкеөз мамандығы бойынша мұғалім болып орналасады.

1973 жылы Нұрғали ағаның өмірінде күтпеген өзгеріс болады. Аудандық партия комитеті ауыл шаруашылығы мамандарының тапшылығын ескеріп, химия және биология пәні  оқытушысын  колхозға агроном болуға шақырады. Бұл ұсынысқа алғашқыда  әкесі «Мұғалім қастерлі мамандық» ғой деп қарсылық білдіреді. Бірақ, көпті көрген колхоз парторгі Шами Абдуллин: «Көке, балаңызға басшылық жақсы таңдау жасап, қолдап отыр. Бетін қақпаңыз» деп кеңес береді. Сонымен 1973 жылы «Алғабас» колхозына аға агроном, бір жылдан соң ісіне тындырымды жас жігітті бас агроном етіп тағайындайды.  

– Колхоз төрағасы, Социалистік Еңбек Ері Оразғали Алдыбаев ағамыз мақта өсірудің қыр-сырын терең білетін, көпті көрген көреген басшы болатын. Оразғали аға аз сөйлеп, көп іс тындыратын, мына өмірге дүниенің  көзімен емес, адамның көзімен қарап, әрбір істі байсалды түрде, ақылмен, парасаттылықпен  шешуге тырысатын  жан еді. Мен осындай тәжірибелі, білгір басшымен қызметтес, ол кісіге шәкірт болғаныма қуандым. Мақта өсіру өте күрделі жұмыс. Мақта егетін жерді баптай білудің өзі бір еңбек. Оразғали аға «Маған егіндік жеріңді көрсет, мен сенің қанша мақта алатыныңды айтып берейін» деуші еді. Ең алдымен егіншілік мәдениетін жетілдіру керек, ол үшін  – ауыспалы егісті дұрыс жолға қою керек деп, әр алқапты онға бөліп, оның жеті бөлігіне мақта, қалған үш бөлігіне жоңышқа,  жүгері ектіретін.  Мелорацияға қатты көңіл бөлді. Тік дренаж бен ашық дренажды іске қосып, жер асты суын қалыпты деңгейде ұстауға, сонымен бірге егістік алқаптың тегістігіне ерекше мән беретін.

«Жақсы тегістелген жерден ғана мол өнім алуға болады» деп жиі айтатын. Күзде жерді жыртар алдында егістікке суперфосфат  енгізіп, сүдігерді 35-45  сантиметр тереңдікте жыртатын едік. Бұдан кейін жерді  сапалы сор шаюдан өткізу жұмысын да қатаң қадағалайтын-ды.

Көктем келісімен шит себу жұмысына дайындық басталады. Жердің ылғалын сақтау, чизельдеуге кірісеміз. «Шитті дұрыс әзірлеңдер. Зауыттан тек сапалы дәріленген шитті алыңдар», күні ертең шит толық өніп, көктемей қалса оған өздерің кінәлісіңдер  деуші еді. Көбінесе мақтаның С-47-27 сортын еккізетін. Мақтаның өсуі, өнім беруі, түрлі ауруларға төзімділігі шығымдылығы сортының жақсы болуына да байланысты. «Нұрғали, культивация жасаған кезде аммиак селитрасын дұрыс мөлшермен беруді мықтап ескер. Сондай-ақ, тыңайтқыштың белгілі тереңдікке түсуін қадағала, ашық қалса ұшып кетеді. Үстеп қоректендіруді әрі кеткенде 10 шілдеге дейін аяқтау керек»,- дейтін. Осылай мақтаны күтіп баптаудың қыр-сырын егжей-тегжейлі ерінбей үйретті. Мықты басшы, білгір агроном еді. Ол кісі қозаның жапырағын бүктеп сындырып көріп, қай кезде суғару керектігін дәл ажыратып айтып беретіні осының дәлелі.

Оразғали Алдыбаевты адамгершілігі ерекше тұлғаландырып тұратын. Әрбір мәселені әділдікпен шешетін. Бір күні кіші ұлын маған шофер етіп бекітті. Күнде мақталықты аралаймын. Егіс ішінде кемі екі-үш сағат жүремін. Оған жас жігіт  шыдасын ба? Бір күні әкесіне «Мен Нұрғалиға шофер болмаймын» деп ренжиді. Ертесіне менің көзімше ұлына ұрсып, жұмыстан шығарып жіберді. Жасы елуден асқан егделеу кісіні шофер етті. Ал, ол кісі риза, «Нұрғали егіс аралап кеткенде ұйқымды қандырып алатын болдым» дейтін,-деп Нұрғали аға өмірлік ұстазын тебірене еске алды.

Көп ұзамай аудандық партия комитеті мұғалім-бас агрономға Қазақ ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне сырттай оқуға жолдама береді. 1978 жылы аудан басшылары ізденімпаз, іскер азаматты аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына бас агроном етіп жібереді. Ол уақыттағы жақсы бір дәстүр жоғары органдар көзге түскен жастарды назарда ұстап, жауапты қызметтерге тартатын. Сол жылы Мақтаарал ауданының диқандары 91 мың 200 тонна мол өнім жинап, рекордтық көрсеткішке жетті.

«Алғабас» колхозы да мақтадан әр гектардан 43 центнерден мол өнім жинады. Небәрі 10 күннің ішінде жылдық жоспарды орындап шықты.

1986 жылы жас кадрларды өсіру мақсатында аудан басшылығы Нұрғали Тұрашұлын өзі туып-өскен «Алғабас» колхозына төраға етіп жіберді. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Омарбек Нұржанов сәт-сапар тілеп тұрып, «Нұрғали, Еңбек Ері Оразғали Алдыбаев «Алғабас» колхозын үздік басқарушысы болды. Шаруашылықтың экономикалық көрсеткішін түсірме. Абыройлы бол!» деді.

«Алғашқы күннен сенімнің жауапкершілігінсезіндім. Соған сай болуға тырыстым. Аудан басшылары да көп қолдау көрсетті, үйретті, тәрбиеледі. Колхозда агроном болып жүргенімде Оразғали Алдыбаевтың  жиында сөйлеу мәнері, өзін-өзі ұстауы, ізденуі, тәжірибесі бәрі, бәрі маған үлгі, сабақ болды. Оразғали аға мені жассың деген жоқ, талап та қойды, міндет те артты. Шарболаттай шыңдады. Жібек мінезді, жылы сөзді, кең  жүректі  ағаларым – аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары Молдабай Қуандықов, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Бөртебай Қарабаевтар үнемі ақыл-кеңестерін айтып, қолдап отырды. Бүгінде бәрі де жарық дүниеден өтіп кетті, бірақ асыл бейнелері, кісілік келбеттері  жүрегімде сақталып қалды. Олардың Мырзашөлде ізі, тарихта аты қалды».

Нұрекең туған колхозына келген соң аянбай еңбек етті. Жас басшының бір сөзділігі, алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтындығы, адамдармен тіл табысып жұмыс істей білетін қабілеті көпшілікті тәнті етті. Сол жылы «Алғабас» колхозы мемлекетке мақта тапсыру жоспарын асыра орындап, әр гектардан 40 центнерден жоғары өнім алды. Облыс бойынша жүлделі бірінші орынды иеленді. Үздік жетістіктері үшін колхоз төрағасы Н.Тұрашұлы жыл соңында Бүкілодақтық кәсіподақтар колхозшылар съездеріне делегат болып сайланды. Мәскеу төрінде Кремльде игі жақсылармен бірге жүрді. Мырзашөлдің даңқты мақташы қызы, Социалистік Еңбек Ері Жұмагүл Сәуірбаевамен де жақыннан танысып, пікір алмасты. Колхозды басқарған жеті жылда  мемлекет тапсырмасын мүлтіксіз, адал, абыроймен орындауға күш салды. Баяғы Ізікен атасы алғаш іргетасын қалаған колхозды немересі басқарды. Қазақ «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дегенді босқа айтпаса керек. Ата-бабаның ізін жалғау, атына кір келтірмей ұстау ұрпақ парызы болса, оны немересі орындады.

1992 жылдан бастап елімізде әкімшілік институты құрылды. Нұрғали  Тұрашұлыныңаграрлық саладағы мол тәжірибесі мен іскерлігін  бағалаған аудан басшысы аудандық ауылшаруашылығы  басқармасына (РАПО) басшы болуға шақырды. Осылай оған ауданның бүкіл агросекторына жауап беру міндеті жүктелді. 1994 жылы аудандық жер комитетіне басшы болып ауысты. Мұнда жекешелендіру, жер реформасын жүргізу оңай болған жоқ. Совхоз-колхоздарды тарату, тұрғындарға  еңбек өтіліне қарап пай, отбасы мүшелерінің санына қарай мүлік үлестерін әділдікпен бөліп беру үшін күн-түн демей жұмыс істеді. 1998 жылы «Жаңа жол» ауылдық округіне әкім болып тағайындалды.

– Қаржы тапшы уақыт еді. Зейнетақы мен жалақыны уақтылы беру қиынға соқты. Жарық, газ жоқ. Клуб, кітапханалар қаржы болмағандықтан жабылып жатты. Әкімшілік кеңсесі мен жаңа балабақша мүлік үлесіне бөлінді. Көз алдымызда жап-жаңа ғимараттар жекешеленіп, талан-таражға түсетін болған соң жүгіріп жүріп ақсақалдармен ақылдасып, бұл екі нысанды да ел игілігі үшін сақтап, аман алып қалдық. Мектептің алдындағы қараусыз, жыңғыл басып жатқан жерді өз күшімізбен тазартып, стадион салдық. Сол кездегі аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Жүсіп деген азамат демеуші болып, футбол алаңын жабдықтап берді. Кейін бұл стадионды «Жаңа жол» орта мектебінің директоры Жақсылық Саттаров өз қамқорлығына алды. Әлі күнге дейін мұнда округ жастары футбол, волейбол, баскетбол жарыстарын өткізіп тұрады. Әкімшіліктің айналасын, саялы ағаш, гүл егіп көркейттік, 2009 жылы Мырзакенттегі орталық демалыс саябағына басшылық жасадым. Сол кездегі іріленген Мақтаарал ауданының әкімі Қасымбек Хаметов «Көркінен айырылып, тозып бара жатқан саябақты қалпына келтірейік. Елді мекеннің гүлденуіне перзенттік үлесіңізді қосыңыз»,-деп қолқа салды.

– Онда Қасеке, алдымен тік дренажды іске қосып, ағын су келтіріп беріңіз, -дедім. Ол кісі Мырзакент кентінің әкімі Ғабит Полатовқа тапсырма берді. Ғабит іскер, тындырымды азамат қой. «Сулы жер – нулы жер» демекші, көктемде саябақ аумағына су келген соң, өз күшімізбен ағаш, гүл ектік. Айналасын қоршадық. Жастардың би алаңын жөндеп, субұрқақты іске қостық. Мақта зауытының басшысы, марқұм Салдар Жамалов саябаққа су келетін арықты алып берді. Сол жылы жайдары жаз айында Қасымбек ініміз ұлын үйлендіріп саябақта, субұрқақ көлшігіне қос аққуды жүздіріп, самал жел ескен кешкі салқында тамаша той өткізді, -деп Нұрғали аға өткен өмір жолын ризашылық сезіммен еске алды.

Нұрғали Тұрашұлы зейнет демалысына шыққан соң, бәйбішесі екеуі жеті жыл Елордада тұрды. Немерелеріне қарап, тынығып демалды, бірақ жұмыс істеп қалған адамға қиын екен. Шыдай алмай 2019 жылы елге қайтты. Мырзакентте бірге қызмет еткен Ғабит Полатов інісі «Мақтаарал қызмет» КММ-не агроном болыңыз деп өтініш жасады. Екі-үш күн ойланып, келісімін берді. «Жаңадан қайта құрылып жатқан аудан орталығын гүлдендіріп, жасыл желекке көмкеруге үлесімді қосайын» деген шешімге келді. «Көз қорқақ, қол батыр» деген, соңғы үш-төрт жылда кент аумағы мен жаңа мөлтек ауданда қаншама саялы ағаш, жұпар иісі аңқыған  гүлдер егіліп, бүгінде  жайқалып тұр. Бұл жүрген жерін құт-берекеге толтырып, қажырлы қайратпен еңбек етуге, жоқтан бар жасап, барды базарлы етуге  үйренген азаматтың ерінбей еткен еңбегінің арқасы.

Жасы 75-ке келсе де қоғамдық жұмыстан қол үзбеген  қарияның еңбекқорлығына ел риза. Өз басының ғана емес, елдің, жердің жағдайын үнемі жадында ұстап, зейнет демалысында жүрсе де тындырымды тірлік атқарып келе жатқан қария жастарға үлгі.  Әйтпесе, тыныш қана отбасында тіршілігін жасап, үнсіз жүре берсе оған ешкім ешнәрсе демес еді. Нұрғали ағаның бір ғана мақсат-мұраты бар. Ол  – туған жеріне, елге, халыққа қызмет ету.

Ардагер аға ұзақ жылғы елге сіңірген адал еңбегі үшін «Құрмет белгісі» ордені, «Еңбектегі ерлігі үшін»  және ҚР Тәуелсіздігіне арналған мерекелік медальдарын кеудесіне қадап, Тұңғыш Президенттің Алғыс хатын иеленді. Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы атанды. Аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі.

Ердің жақсы атын үйдегі жары шығарады. Бұл ретте өмірсерігі Шахар Жексенбаева жеңгеміздің еңбегі ерекше. Ол кісі мектепте ұзақ жыл ұстаздық етті. Аға оқытушы, «Қазақ КСР-нің Ағарту ісінің үздігі» белгісіне ие болған. Екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Тұңғышы Нұрлан  – Мақтаарал аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы, келіні Райхан бастауыш  сынып мұғалімі. Қызы Гүлжан орыс тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы, күйеу баласы Талғат аудандық білім бөлімі бас есепшісінің орынбасары,  Ержаны Қуатбеков атындағы академияда кафедра меңгерушісі, доцент. Заң ғылымдарының кандидаты, келіні Бибігүл кәсіпкер. Кенже қызы Гүлзия  Алматы қаласында тұрады, балабақша тәрбиешісі.

Бүгінде үлкен немересі Бекет Мақтаарал аудандық сотында бас маман, немере келіні Үміт жоғары білімді,  ағылшын тілі пәні оқытушысы. Әбдіқадыр немересі студент, болашақ қаржыгер. Ал, шөберелерінің алды Абдулхаким биыл мектепке барады. Жұлдыз, Айым, Абдуғазиз есімді шөберелері балабақшада тәрбиеленуде. Осылай бүгінде Нұрғали аға мен Шахар жеңгеміз шөберелерінің қолынан май жалау бақытына бөленіп отыр. Бұл да адам өміріндегі қуанышты, бақытты сәт.

Адам да ағаш секілді, тамыр жайып, көктейді, көгеріп жайқалады. Перзенттерін мәпелеп өсіріп, оларды баулып, алысқа ұшырып, әрдайым биіктен мейірлене қарап бәріне алаңдап  қамқор болып отырады. Тамырын тереңге жайған бәйтерек дегеніміз осындай-ақ болар. Өмірі-өнеге, ғұмыры-ғибрат, жолы-даңғыл, көкірегі-қазына, дүниеден көргені мен түйгені көп ағамыз жүрегіне жақсылық пен ізгілік ұя салған азамат десек болады. Жаны жайсаң абзал ағамызға деніңіз сау, өміріңіз ұзақ болсын, шаршамаңыз, шалдықпаңыз, отбасының бақытына, шуағына бөлене беріңіз дейміз.

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ,

Мақтаарал ауданы.        

10 thoughts on “ЖАҚСЫЛЫҚ ҰЯ САЛҒАН ЖҮРЕГІНЕ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика