“БИКЕШТІҢ” БЕЛЕСТЕРІ

Бүгінде заманына қарай кәсіптің түр-түрі бар. Көзін тауып, ұршықша иіріп әкеткеннің ісі алға басары анық. Оның үстіне халықты еңбекпен қамту бойынша қабылданған мемлекеттік бағдарламаларда  түрлі мүмкіндіктер ұсынып отыр. Соның ішінде пайда табумен қатар халықтың қолөнерін жаңғыртып, ұлттық киімдерді заманауи нақышта әрлеп, бүгінгі күнмен үйлестіре отырып ұлттық құндылықтарымыздың ұмыт болмауын ойлап, ұтымды идеяларымен қиялдағы шабытын да, кәсібін де шарықтатып отырғанкәсіпкерлердің орны ерекше. Солардың бірі Түркістандағы «Бикеш» сән үйінің иесі Шарбану Дурманқызы. Наурыз мерекесі қарсаңында «Бикеш» сән үйіне бас сұғуды жөн көрдік.

-Шарбану ханым, әр халықтың болмысын аша түсетін ұлттық киімдердің ұмытылмай, оның әрдайым қолданыста болуына үлес қосып жүрген жандардың бірі екенсіз. Көз қуантып, көңіл жадыратар кәсібіңіз жайлы кеңірек айтып өтсеңіз, мемлекет тарапынан көмек болды ма?

Кәсібімді 2019 жылы бастадым. Бұл кәсіпті таңдауымның негізгі себебі, ұлттық өнеріміздің өркендеуіне өзіндік үлесімді қосу, кішкентайымыздан әже-апаларымыздан көрген қазақы нақыштағы дүниелердің ғұмырын жалғастыру еді. Алғаш «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасында оқып, сертификат алып «Атамекеннің» колдауымен 505 мың теңге көлемінде грантты жеңу арқылы осы істі бастадым. Сол қаражатқа тігін машинасын алып тапсырыстар қабылдай бастадым. Бүгінде 100-ге жуық қыздардың жасауын дайындадым.

Сонымен қатар,  қазіргі заманға зай білімімді жетілдіру мақсатында осы ұлттық қолөнердің насихатталу жолында зор еңбек етіп жүрген белгілі тігінші, он саусағынан бал тамған қолөнер шебері Гүлстан Жандосқызынан, танымал этнодизайнер Ырза Тұрсынзада ханымнан онлайн сабақтар алдым.

әсібіңіз қол еңбегінен басқа түрлі материалдарды, алуан түрлі құрал-жабдықтарды қажет ететіндігі байқалады. Шығыны көп сияқты, қалай  төтеп беріп жүрсіз?

— Ия, дұрыс айтасыз, бұл шаруаның шығыны да шашетектен деуге болады. Дегенмен, «шығыс болмай, кіріс болмайтынын» ескеріп, тәуекел етіп өзіме сеніп істі бастадым.  «Атамекеннің» қолдауымен алған қаржы маған айтарлықтай көмегін тигізді. Осы орайда ісін жаңадан бастауға ниетті жандарды қолдаған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына зор алғысымды білдіремін.

Бүгінгі жаһандық дәуірде өзіміздің мәдениетімізбен, салт-дәстүрімізбен ерекшеленіп, жерде қалмайтынымызға ұдайы мотивация беріп отыратын Ырза, Гүлстан, Құралай сияқты әпкелеріміздің елімізге ғана емес, бүкіл әлемге танылып жатқан ерен еңбектері маған зор күш-қуат беріп отырады. Олардан үйреніп, үлгі тұту арқылы мен де біраз тірлікті үйіріп әкеттім деп ойлаймын. «Өзгенің жасағанын мен неге жасай алмаймын?» деген намыс жетелеп, тұтынушылардың назарына іліктім.

«Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен және AIKA ALEMI-мен бірлесіп ұйымдастырған «Қолөнер бренді және өнім» атты оқу курсынан сәтті өттім.  Сөйтіп 2021 жылы 2,5 млн көлемінде тағы грант алдым. Осылай өзімді жігерлендіру арқылы ісімді жалғастырып жатырмын.

-Қазір жаныңызға көмекші қыздарды да тартқан боларсыз, көбіне қандай бұйымдар тігесіздер?

-Ия, тапсырысқа қарай көмекшілерді шақыртып отырамыз. Бүгінде жанымда 3 қыз тұрақты жұмыс істейді. Біз көбіне қыз жасауының басты бөлігі қалыңдық пен күйеу жігітке арналған ұлттық киімдерін, камзол, шапан, кәжекей, кеудеше, белдемше сияқты сырт киімдерді, сонымен қатар қыз жасауына арналған көрпе-төсектің түр-түрін дайындап шығарамыз. Ал, олардың заманына қарай саналуан түрлері пайда болған. Атап өтсек, махаббат көрпе, құрақ көрпе, күйеу көрпе, құда-құдағи көрпе, төркөрпе, жастар құрала берсін деген мақсатта ұсақ тігіспен тігілетін ши құрақ, ірі тігісті аққу құрақ, отбасымен бірігіп, ынтымақты болсын деген оймен тырна құрақ, мойын жастық, төрт құбылаң тең болсын деген ниетпен қошқар мүйіздің өрнегі салынған жастықтар, сұранысқа сай этнокартиналар әзірлейміз. Міне, салт-дәстүрге бай ата-бабаларымыздың киімге қаншалықты көңіл бөлгенін байқадыңыздар ма?! Жас жұбайлар дүниенің қадірін білсін, қолөнерді бағаласын деп барлығын қолдан жасаған.

Киімдермен қатар сөрелерге ұлттық ағаштан жасалған ыдыс-аяқтар, кәдесыйлар қойдық. Астау, тегене, тостаған, ожау, саптыаяқ сияқты экологиялық таза табиғи материалдардан жасалған ыдыстар бүгінде қайтадан қолданысқа жаппай еніп жатыр . Сұраныс бар. Қазақтың ою-өрнегі басылған, көздің жауын алар әдемі ағаш ыдыстарды сатып алуға да, жалға алуға да болады.

Ұлттық кәдесыйлар да киізден, теріден, ағаштан, сүйектен, металлдан жасалған. Қазақ даласының қолөнершілерінің қолынан шыққан бұйымдарға деген сұраныс артып, бүгінде әр шаңырақта арнайы бөлме жасалып, осындай заттармен толықтырылып жатқаны қуантады.

лттық бұйымдарға деген сұраныстың артқаны қуантарлық жағдай екен

-Ия, байқасаңыздар қазақтың ұлттық ою-өрнегі салынған киімдердің, ұлттық нақыштағы әшекейлі бұйымдардың сәнге айналғанына біраз болды. Бүгінде талғамы жоғары тұтынушыларымыз сапаға  баса назар аударады. Сападан мүлт кетпеу керек. Қолөнер деген ізденіс. Жаңа бұйымдар ұсынсақ дейміз. Кәсіпкер болу үшін де үлкен ізденіс керек.

Ұлттық болмысымыздан сыр шертетін ұлттық киімдерді, бұйымдарды жылына бір рет Наурыз мерекесінде ғана киіп-тақпай, күнделікті пайдалансақ қандай жарасымды! Қоғам, мемлекет қайраткері Оразгүл Асанғазы апамыздың ұлттық ою-өрнек түскен киімдерді күнделікті киюді қолға алуының, оны елге, жастарға үлгі етіп көрсетіп, себебін тәптіштеп түсіндіруінің өзі жақсы бастама деп ойлаймын. Бұл жалғасын тауып, жастар жаппай дәстүрге бет бұрса, ұлттық құндылықтарымыздың ұрпақтан ұрпаққа жалғасатынына нық сенімді болар едік.

-Әңгімеңізге рақмет. Жыл басы құтты болсын!

Несібелі Иманқұлова,

Түркістан қаласы.

One thought on ““БИКЕШТІҢ” БЕЛЕСТЕРІ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика