Шымкент педагогика институты ғимаратының құрылысы 1955 жылы бітіп, қолданысқа берілді. Мен осы жылы оқуға түсіп, 1960 жылы Шымкент педагогика институтының екінші түлегі болдым. Менің студенттік шағым басқа студенттерге қарағанда өзгеше өтті. Өйткені олар ауылдан келіп, жатақханада, пәтерлерде тұрып, студенттік өмірдің барлық «қызығы мен шыжығын» көрді. Әке-шешем институтымыздың белді оқытушыларының бірі (Байтанаев Әбіш, Алтынбекова Мырзай) болғандықтан, менің студенттік өмірім институттың өзімен біте қайнасып жатты.
Ол кезде филология факультетінің алғашқы деканы Рахым Барлыбаев, ректорымыз Байұзақ Ермекбаев.
Үйіміз институттың қасында, қазіргі Қонаев даңғылындағы «Бамзиктің» қарсысында еді. Әкем де, шешем де әдебиетші. Кішкентайымнан әкем мені машинка басуға үйретіп қойған. Мектеп бітірген соң Алматыдағы қыздар педагогикалық институтына оқуға түскен жерімнен «маған жәрдем беруің керек» деп, Шымкент пединститутына ауыстырып алды. Ол кезде әкемнің кандидаттық диссертация қорғаған кезі. Жаңа ғана ашылған Шымкент пединститутына әдебиет кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалды. Кафедраның іс-қағаздары, әкем мен анамның ғылыми-шығармашылық жұмыстары – бәрі машинкамен басылатын. Кішкентайымнан құлағыма «сен менің жәрдемшімсің, екі тілді жақсы білуің керек» дегенді құйып қойған. Орыс тілі және әдебиеті факультетіне түскеніммен елімізге мамандар жетіспегендіктен, бізге Министрліктің бұйрығымен қазақ тілі және әдебиеті мамандығы қосылды, әкемнің арманы орындалып, мен «Орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілі мен әдебиеті» деп аталатын кең салалы қос мамандықты игеріпшықтым.
Соғыстың аяқталғанына он жыл өткенімен әлі оның зардабы кете қоймаған уақыт. Студенттердің көбісінің әкелері соғыстан қайтпаған, азық-түлік, киім тапшы. Қаланың өзі де соғыстан кейін әлі еңсесін тіктемеген кез. Қазіргі Ғани Іляев (бұрынғы Полтарацкий) көшесі таспен қашалып салынған еді. Қашан көрсең студенттер осы көшемен ерсілі-қарсылы ағылып кетіп бара жататын. Осы кезде қалада бір ғана №5 автобус сол кездегі Сталин (қазіргі Тәуке хан) көшесімен қорғасын зауытына қатынайтын. Ал институтымыздың жатақханасы жоқ еді. Әкімшіліктің жәрдемімен студенттер қаланың әр жеріне (бұрынғы Киров көшесі, №13, Пушкин кітапханасының жанында) жайғастырылатын. Алғаш жатақхана біз соңғы курс оқып жүргенде студенттердің күшімен салынды. Ол қазіргі Ғани Ілияев көшесіндегі «Б» корпусы. Сол жылы институт орналасқан көше бойына ағаштар отырғыздық. Және қала бойынша келешекте Комсомол саябағы болады деп мың түп ағаш студенттердің күшімен отырғызылды. Бұл қазіргі Абай саябағы.
Студенттік кезең институттың, қаланың өмірімен біте қайнасып жатты. Білімге деген ұмтылыс күшті еді. Сабақтан қалу деген атымен жоқ. Студенттер дәріске түгел қатысатындықтан бұл мәселе арнайы талқыланбайтын. Екі мамандық алатын себепті біз күніне 4-5 пардан (әрқайсысы 90 минуттан) 5 жыл оқыдық. Орыс тілі мен әдебиетінен Т.П.Королева, В.Н.Попова, Е.М.Тракаткина, Н.Исабекова, К.Идрисова т.б., қазақ тілі мен әдебиетінен Ә.Байтанаев, М.Алтынбекова, Р.Барлыбаев, М.Сражиев, А.Ахабаев, З.Сәдуақасова, Ә.Мұсақұлов, М.Қожықов т.б. ұстаздар дәріс берді. Бұлардан алған білімді сабақта үзбей жазып отырдық, басқа уақытта берген әдебиеттермен жұмыс істедік.
Институтта сабақтан тыс уақытта түрлі үйірмелер ұйымдастырылатын. Оның ішінде ерекше атап өтетін филология факультетінің әдебиет үйірмесі және мерзімді шығатын «Сыр» газеті. Әдебиет кафедрасы «Оңтүстік Қазақстан» газетіне хабарландыру беру арқылы жас ақындарды осы үйірмеге тартып отырды. Әкемнің бір қасиеті панасыз жетім балаларды, әсіресе оның ішінде өлең жазатын, келешегінен үміт күттіретін балаларға көңіл бөліп, болашағына жол ашатын. Соның бірі — хабарландырумен үйірмеге келген Мамытбек Қалдыбаев (қазір белгілі ақын, жазушы). Ол сол кезде қорғасын зауытындағы ФЗУ-да оқып жүр екен. Әкем ақындық өнеріне тәнті болып, сол кездегі ректорымыз Мырзахан Сәрсенбаевқа айтып жүріп, оқуға түсуіне жәрдем берді.
Отбасымызда біздің жан-жақты білім алуымызға әкем барлық жағдай жасайтын. Қалада ең бай отбасылық кітапхана біздің үйде еді. Әкем Алматыдан, Мәскеуден шығатын барлық әдеби басылымдарды, орыс-қазақ жазушыларының толық жинақтарын, газет-журналдарды жаздырып алып отыратын. Әдебиетке құмар, өлең жазатын студенттер үйден шықпайтын. Оларға кітап алып оқуға рұқсат беретін және оның тысын қаптап оқыңдар дейтін. Біздің кітапханадан сусындап білім алып шыққан студенттердің көбі өмірде өз орнын тауып, жоғары сатыдан көрінді. Олар: Әбсаттар Дербісәлі, Исраил Сапарбай, Мамытбек Қалдыбаев т.б.
Әкем 1960-жылдары «Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын жазудағы шеберлігі» тақырыбында докторлық диссертация жазудың үстінде еді. Осы тақырыпқа байланысты 1959 жылдың күзінде, мен 5 курста оқып жүргенімде Шымкент пединститутында филология факультетінің ұйымдастыруымен ең алғашқы ғылыми конференция өтті. Бұл конференцияға Мұхтар Әуезовтің өзі, Абай Құнанбаевтың туыстары шақырылды. Конференцияға дайындық жұмысы институт, қала, әкімшілік деңгейінде жүргізілді. Біздің топтың барлық студенттері роман бойынша күні бұрын берілген тақырыптарда ғылыми баяндама жасады. Конференция қорғасын зауытының металлургтер сарайында өтті. Студенттер М.Әуезовпен суретке түсіп, өз өнерін көрсетті.
Қазақ әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен институтымызға лекция оқуға, не кеш жүргізуге еліміздің белгілі қайраткерлері, ақын-жазушылары мен лингвистері жиі-жиі шақырылып отырды. Бес жыл оқу барысында біз өз көзімізбен Бауыржан Момышұлын, Әбділда Тәжібаевты, І.Кеңесбаевты, М.Балақаевты көріп, олардан дәріс алдық.
Бесінші курста мемлекеттік емтиханға төрағалық еткен Мәулен Балақаев курстасымыз Сайрамбаев Талғаттың біліміне тәнті болып, оны аспирантураға түсіруге алып кетті. Сайрамбаев Талғат белгілі ғалым болып шықты.
Жалпы біздің топта жиырма шақты студент бітірді, олардың көпшілігі дерлік білімді жақсы игеріп, өмірде өз орнын тапты. Олар: Жұмашев Оразбек – филология ғалымдарының кандидаты, филология факультетінің деканы, Қалғынбаев Сәкен – облыс білім департаментін басқарушы, Сайрамбаев Талғат – филология ғылымдарының докторы, осы жолдар авторы Байтанаева Динаида – филология ғылымдарының кандидаты.
Филология факультеті өнер сүйгіш студенттерді іріктеп, олармен қызықты іс-шараларды өткізіп отыратын. Соның бірі – факультетаралық алғаш студенттер айтысы. Бұл айтысқа әр факультеттен жиналған студенттер бір-бірімен айтысып, студенттерді барынша қызықтырды. Солардың ішінде әсіресе физика факультетінің студенті Үсен Шойбеков пен филология факультетінің атынан сөз сайысына шыққан Ергешәлі Мамыраевтың өнері айырықша есімде қалыпты. Институтта өткен алғаш студенттер айтысы бірте-бірте облыстық деңгейге көтерілді.
Институт, факультет жайын сөз еткенде мақта теру науқанын айтпай кетуге болмайды. Жылда қыркүйек айының басында не ортасында бүкіл қала студенттері мен оқушылары мақта теріміне тартылады. Мақтадан қалуға болмайды және ешқандай анықтама одан алып қала алмайды. Оны білгендіктен күні бұрын киімдерімізді дайындап, сақадай сай тұрамыз. Бүкіл қала жұртшылығы, институт оқытушылары тізбектелген автобустармен бізді шығарып салады. Совхоз басшылары қарсы алады, жайғастырады. Қой сойып, студенттердің сабағын, демалыс күндерін ұйымдастырады. Мақтаны көп терген студенттер марапатталып, қызықты ойындар ұйымдастырылады. Мақта теруге Шәмшінің әнін айтып барып, Шәмшінің әнін айтып қайтатынбыз. Мақтада ауа райына, мақтаның өніміне қарай, жоспардың орындалуына байланысты бір ай, кейде бір жарым ай жүретінбіз. Ең ауыр кезең біз үшін 5 курста болды. Бұл жылы біз мақтада желтоқсанның басына дейін болып, шаршап-шалдығып, суыққа тоңып, үйімізге зорға жеттік. Артынша қысқы сессия да басталып кетті.
Қалай десек те, студенттік өміріміз өзінің қиындығымен, жалынға толы жастығымен, аяулы армандарымен есте қалатындай, мәңгі ұмытылмайтындай қызықты өтті. Бұлай өтпеуі де мүмкін емес еді, өйткені бізге керемет білімді ұстаздар, соғыс көрген, өмірдің ащы-тұщысын басынан өткерген азаматтар дәріс беріп, тәрбиеледі. Олардың бәріне бас иеміз. Ризамыз!
ОҚМПУ, Орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент