Сіз естімеген дәстүр…

Қазығұрт тауының етегін жайла қоныстанған ел  салт-дәстүрдің қаймағын бұзбай, құндылықтарын қастерлеуімен ерекшеленеді десек артық айтқандық емес. Бірде таулы, бірде жота-жота, адыр-адыр боп көсіліп жатқан кең дала қараған жанның көзін тойдырды. Бұл жолы Қазығұрт тауының етегіндегі Жаңабазар ауылын бетке алып келеміз. 

    Бұған дейін де бұл мекенге бірнеше рет табан тіреп, мектеп аралап, оқушылармен кездескен болатынбыз. Бүгін күн жексенбі. Іздеген адамымыз  сынықшы Шарақымбай қария. Жол қысқартпақ болып такси жүргізушісін сөзге тарттым. Отыздардың шамасындағы жігіт-ағасымен жақсылап жөн сұрастық.  Таныс-білістіктен кейінгі сауалы  «Қымыз гәпке бара жатырсыз ба?» — болды.  Ол не дегендей таңырқап қалдым. Қымыз гәп дегенді бірінші рет естуім.

 – Қымыз гәпке емес, Шарақымбай деген сынықшы ата бар екен, сол кісі туралы сұрайтындар көп, сұхбаттасуға бара жатырмын, — деп жөнімді айтты. Қымыз гәптің не екенін сұрай отырдым. 

Жүргізуші: «–Қымыз гәп» деген… деп әңгімесін бастады. Әңгіме сүт пісірім уақытқа созылды. Бүгінде таксистер шетінен әңгімешіл ғой.

Бала кезде атаммен қымыз–гәпке жиі барушы едім. Бұл үлкендер үшін  мәслихат шығар, біз балалар үшін мереке еді. Аталарымыз қымызханада саба-саба қымыз ішіп, әңгіменің көрігін қыздырып, біз сияқты атасы жетектеп барған балалар әп сәтте тіл табысып, асыр салып ойнаушы едік.

 Қариялар бір біздің ауылдан ғана емес, көрші ауылдардан да жиналатын. Кейбірі ат мініп, қайсыбірі жаяулатып келеетін. Қымызға жиналған жұрт түйіні тарқамаған мәселелерді шешіп, өздерінше шүйіркелесіп қайтушы еді. Бізге қызық болатын. Аталарымыз қымызға, біз ойынға асығатынбыз. Сол дәстүр әлі де жалғасып келеді. Білуімше «қымыз гәп» біздің ауыл жақта ғана бар.  Қанша адаммен сапарлас болып жүрмін. Мұндай гәп барын естімеппін. Сен іздеген Шарахымбай ата дәл қазір үйінде емес, қымызханада. 

    Әңгімемен ауылға жетіп, көлік жүргізушісі қымызхананың алдынан түсіріп кетті.  Жиын өтіп жатқанынан хабар беріп, жастардың бірді-екісі қатар тұрған самаурындарға от салып, бірі қайнаған шәйді көтеріп барады.  Отын тасып жүргендері де бар. Қызметте жүргендерге қарай беттедім. Алдымнан шыққан еңселі жігіт жөн сұрады. Мен іздеген Шарақымбай ата да осы қымызханада отыр екен. Қолымды кеудеме қойып, мұсылманша амандасып кірдім. Қонақ келді, «қонақ жігіт» деп төрден бір-ақ шығарды. Жан-жағыма қараймын, кіл жасы жер ортасынан әлдеқашан асып кеткен, қарттық ауылының сүрлеуіне түскен жандар. Мен сияқты жастары шәй қамымен жүр. Амандық-саулық сұрасып болған соң, бұл не жиын екенін сәл іркіліп барып сұрадым. Сөйтсем, әлгінде такси жүргізушісі айтқан «Қымыз-гәптің» нақ өзі екен.

Ертеден-ақ жылқы малын қадірлеген қазақ халқында жылқыға қатысты, қымызға қатысты «биебау», «ашамай», «атжүйрік» «қымызмұрындық»  секілді дәстүрлер барын білеміз. Мына отырыс соның біріне де келмейді. Қарап отырып бұл ешбір кітапта жазылмаған, деректерде көрсетілмеген, тек осы ауылдың төңірегінде ғана ғасырдан ғасырға ауып жалғасын тауып келе жатқан дәстүр деп өзімше түйіп қойдым.

    Көргенімді айтайын. Дастарханның төмен жағында үлкен шарамен бір кісі қымыз сапырып отыр. Жоғары жақта қазақтың үш биіндей боп үш ақсақал, одан бері қарай елуді еңсерген, алпысты алқымдаған, жетпіске жеткен қариялар жөн-жөнімен жайғасқан.  Айнала шеті елу – алпыс адам құж-құж етіп, түрлі әңгімелерді айтып, ауылдың тұрмыс тіршілігін сөз етуде. Мұндайға алғаш тап болған мен үнсіз ғана әңгімелерін тыңдап отыра бердім.

    Бір мезетте, төрде отырған үш қарияның бірі «Тыны-ы-ы-ышталыңдар…» деп оң қолын көтерді. Әңгіме бірден тыйылды. Отырған жерімізде тек сапырылып жатқан қымыздың ғана дыбысы естіледі. Таңқалдым. Бұл темірдей тәртіп қой, ә?! Менің түрімнен таңданысты байқаса керек, әлгі ақсақал қымыз – гәптің не екенін, тарихын баяндады. Көз алдымнан фильмдерден көрген торқалы тойлар пленкамен өткендей болды. 

«Қымыз – гәптің әрі–берідегі тарихы 300 жылдай. 300 жылда 5-6 ұрпақ ауысады ғой. Бұл менің атамның аталарынан басталған дүние. Осында қымыз – гәпке мүше 45 адам бар. Әр жексенбі күні таңғы 8-ден бастап жиналамыз. Қымызхана базардың артында орналасқандықтан, әрлі-берлі өткен адамдар да осында соғып, қымыздан дәм татып кетеді. Түйіткілді мәселелерді шешеміз, дау-дамай болса осы жерде ортаға салып, екі тарапты жарастырамыз, ауылдың да түрлі мәселелерін, мал жайын, жайылымын, күнделікті тіршілікке байланысты мәселелерді де осында ортаға саламыз…» — деді.

 Керемет! 

Еліміздің қай түкпірінде осы секілді біз естімеген тағы қандай дәстүрлер бар екен?! Қызық… Одан әрі қарай  ақсақал қымыз – гәптің тәртібі жайлы түсіндірді. 

    «Қымыз – гәпті әр аптада осыған мүше бір адам ұйымдастырады. Сонда бір айда төрт адам қымыз – гәп береді. 120 литрге жуық қымыз ішіледі. Қымызды арнайылап таудан, тұрақты түрде бір адамнан алдырамыз. Өзге тағамдарға қарағанда, қымызды дайындау ісі күрделі. Бір қызығы, бапты қымыз кісіден орнықты мінезді қалайды. Түстің уағында ет асылып, асқа бата қайырып, құран оқытылып, бесін ауа тарқасамыз».  Қария әңгімесін аяқтады. 

«Қызмыз гәпке» жастарда қатыса алады екен. Бір-ақ жағдайда. Егер гәпке мүше бір қария дүние салса, «әкемнің орнын жоқтатпаймын» деп ол кісінің орнына ұлы келіп отырады. Біз көрген отырыс уақыт тезінен өтіп сыналған, ұрпақтар сабақтастығын сақтауда таптырмас тәсіл. 

Қымыз – гәп маған кәдімгідей жаңалық болды. Қарап отырып салт – дәстүрімізді берік ұстанбақ түгілі, атын да білмей, тәспісінен жаңылып, қай-қайдағы қызылды-жасылды дүниелерге алданып жүрген жастар мен жасамыстар үшін ұялдым.

 «Қарты бар елдің қазынасы бар» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Тура жолға бастайтын темірқазықтай болған осы ауылдың қарияларына ерекше сүйсініп қайттым. Қайтар жолда өткен мен кеткен, кешегі мен бүгінгі дегеніміз не, нені жоғалттық, тапқанымыз ұрпақ тәрбиесіне, ұлтттығымыздың сақталуына қалай әсер етіп жүр деп, ұзақ ойландым. 

Кеше дәстүріміз қандай болды? Бүгін қандай? Өзгенің қаңсығын таңсық қылып, қазіргі жастардың жасап жүрген «Hen party», «Gen party» сынды түкке қажеті жоқ дүниелер де уақыт өте келе сырт қалатын шығар деп үміттендім.

Көлік терезесіне тиген жаңбырдың тамшыларына телміріп отырып кештетіп қалаға жеттім. Қолымдағы ұялыда қымыз – гәптен соң Шарақымбай атаның шаңырағында отырып жасаған сұхбатым.  Ертең ол қағазға түсіп, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылдан сыр шертеді. 

Салт-дәстүрінен жаңылған біздің ғасырымыз жайлы болашақ не жазады екен?!. 

                        Бақжан МАХАШОВ

 

2 thoughts on “Сіз естімеген дәстүр…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика