САНДАР ӘЛЕМІНІҢ САРДАРЫ

Өмірдің әрбір мезетін қуаныш көріп, әр сәтін сәулелендіре білу – адамзатты ізгілікке,  бақытқа кенелтсе керек. Тек дер кезінде бағамдап, бағалай білсек болғаны. Ғұмыр жолымызда мазмұнды һәм мағыналы өмірбаян иелерінің кездесуі – тағдыр сыйы.   Олардың әрбірі — бізге ұстаз.

Қиын-қыстау шақта білім шырағданын жағып, ел болашағына биік баспалдақ бола білген ұстаздар ордасы – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің құрылғанына биыл 85 жыл толып отыр. Білім күмбезі бүгінде еліміздегі педагог мамандар даярлайтын жетекші жоғары оқу орындарының бірі.  

2012, 2017 жылдары мерейтойлық журналдар мен бірнеше кітап шығару  жүктелгендіктен болар, университет тарихы, оқытушы-профессорлар құрамының еңбегі мен үшін аяулы тақырыпқа айналған. Осы қиындығы мен қызығы, жауапкершілігі мол істің басы-қасында жүріп, көптеген ардагер ұстаздармен, әріптестермен сұхбаттастым. Оқу ордасының тарихына, сарғайған ескі суреттер сырына үңілген тұста университет түлектеріне, оның ішінде бітіргеннен бері қасиетті қара шаңырақта еңбек етіп келе жатқан қарт ұстаздарға жүгініп, солардың ақыл-кеңестерін тыңдап, естеліктеріне сүйендім. 

80 жылдық мерейтойға дайындық өте қысқа мерзімде жүргізілді. Бар жоғы бір айға жетер жетпес уақытта университет туралы бір мерекелік журнал мен екі кітапты жазып, баспадан шығару үлкен қажыр-қайратты талап еткені рас.

Сол сүрліге еңбек еткен күндердің бірінде кабинетке ақсары жүзді, шағын денелі, жып-жинақы кісі келді. «Амансың ба, балам?» деді ақырын. Орнымнан ұмтыла тұрып,  сәлемдескен менің қағаздан бас көтере алмай, аты-жөнін есіме түсіре алмай абдырап тұрғанымды аңғарса керек, «Досымхан Рахымбек ағайыңмын ғой» деді жай ғана. Бірер күн бұрын 1970 жылдары түсірілген фотодан физика-математика факультетінің ұстаздарының аты-жөнін анықтау керек болып, кафедра меңгерушісіне ардагер ұстаздардардан сұрап біліп бересіз бе дегенім есіме түсті. 

Қолындағы фотоға қарап, барлығының аты-жөнін толық баяндап берген Досымхан ағай тау боп үйіліп жатқан қағаздарға қарап тұрып, «Мұның барлығы тарих қой! Десе де ғылыммен айналысуды ұмытпа, адамға ғылымнан адалы жоқ» деді. Одан кейін де Досымхан ағамен бірнеше рет университет тарихына қатысты сөйлесіп, әңгімесін тыңдадым. «Естеліктер керуені» деп аталатын кітапқа жазып беріңізші дегеніме әдеттегідей жымиып қоя салған. Қазір сол естеліктерін неге таспаға басып алмадым деп өкінемін….

Тарихтағы ең ұлы іс – ұстаздықты ұлағаттылықпен атқарып, өмірінің соңына дейін бала оқыту ісімен айналысқан ғалым Досымхан Рахымбек ағайымыз ортамызда болса осы көктемде 75 жасқа толар еді… Адамды алаламайтын аяр ажал айла таптырған ба?!… 2020 жылдың жазының соңғы күндерінде саналы ғұмырын ғылымға, әдістемеге, оқытушылыққа арнаған үлкен жүрек иесі соғуын тоқтатып, мәңгілік мекеніне аттанды.

    Осындайда жазушы Оралхан Бөкейдің «Бардың қадірін білу үшін жоғалту керек, тоқтықтың қадірін білу үшін ашығу керек» деген сөзі еске түседі… Ия,  расымен де, жанымызда жүрген жақсы адамдарды мәңгілік бізбен бірге болатындай көріп, көп дүниеге аса мән бере бермейміз. Осыдан бес жыл бұрын естелігін тыңдап, әңгімесін естіген талай ардагер-ұстаз бүгінде арамызда жоқ. Соңғы екі жылдың өзінде әлемді жайлаған індеттен қаншама жайсаңдардан көз жазып қалдық?!…

    Қазақстан Республикасы Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі Досымхан Рахымбекұлы бейнесі — нағыз ғалымның шынайы болмысы болатын. Ғылымға деген жоғары құрметі оның өз мамандығына ғана емес бүкіл ісіне адалдығын білдіріп тұратын. Өзі дүниеге келген мекендегі таулардың биіктігінен өмірге, білім-ғылымға деген құштарлық пен асқақтықты, ал туған жердің құнарлы топырағынан адамдық пен ішкі мазмұн байлығын сыйға алған бүгінгі кейіпкердің жаны жұмбақ болып көрінетіні рас. 

    «Ақиқат дүниесінің сандық қатынастары мен кеңістік формалары жайлы ғылым» аталатын математиканы ғұмырына серік еткен ғалым, әдіскер-ұстаз, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Рахымбекұлы Досымхан  1947 жылы 30 сәуірде бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Зағамбар елді мекенінде дүниеге келген. 

1966 жылы Шымкент қаласындағы №51 орта мектепті тәмамдаған Досымхан ағайдың үлкен өмірдегі алғашқы таңдауы сол кездегі Шымкент педагогика институтының математика мамандығына түседі. Кеңестер одағы аталатын алып империяның үздік үштігіне енетін педагогикалық жоғары оқу орнын қызыл дипломмен аяқтаған болашақ ғалым еңбек жолын туған қаласындағы №26 Ж.Жабаев атымен аталатын орта мектепте 1970 жылдың 25 қарашасынан мұғалім болып бастайды. Араға бірер жыл салып, Отан алдындағы борышын өтеп келген Досымхан ағай мектептегі жұмысын қайта жалғастырады. Ұстаздарының есінде үздіктігімен, қабілет-дарынымен есте қалған жас маман үш жылдан соң өзі түлеп ұшқан алтын ұясына қайта оралады. «Геометрия және математиканы оыту әдістемесі» кафедрасына оқытушы болып қабылданған Досымхан Рахымбекұлы 1978 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің аспирантурасына оқуға түседі. 1981 жылы аталған жоғары оқу орнының аспирантурасын тәмамдап, институтқа қайта оралады. 

1984 жылы Киев қаласындағы Украина педагогика ғылыми-зерттеу  институты жанындағы Арнайы Ғылыми кеңесте математиканы оқыту әдістемесінен кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды. 1985 жылдың 27 ақпанында Ғылыми кеңес шешімімен кафедраның аға оқытушысы қызметіне қабылданады. 1988 жылы 30 қыркүйекте доцент міндетін атқарушы болған оған 1990 жылы 17 сәуірде доцент ғылыми атағы беріледі. 

1993 жылы Шымкент педагогика және дене тәрбиесі институтының «Информатика және бизнес» кафедрасының меңгерушісі қызметіне тағайындалады.  

1996-98 жылдарыы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетінің «Жаратылыстану-математикалық пәндер және оларды бастауыш сыныптарда оқыту әдістемесі» кафедрасында доцент қызметінде, сонымен бірге докторантурадан тыс докторлық диссертация дайындау үшін аға ғылыми қызметкерлікте болады.

1998 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде 13.00.02 — математиканы оқыту теориясы мен әдістемесі мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін «Оқушылардың логика-методологиялық білімдерін жетілдіруге болашақ математика мұғалімдерін дайындаудың ғылыми әдістемелік негіздері» деген тақырыпта диссертациясын табысты қорғайды. 

    1999 жылы «Жоғары математика» кафедрасында доцент қызметіне қабылданып, 2000 жылы Д.Рақымбекұлына «ОҚМУ-дың профессоры» академиялық атағы беріледі. Осы жылы «Жоғары математика» кафедрасының меңгерушісі қызметіне бекітіледі. Содан 2013 жылға дейін кафедрада профессор қызметін атқарады.

2002 жылы Қазақстан Республикасы  Жоғары Аттестациялық Комитет профессор ғылыми атағын береді.

2007 жылы «Жоғары орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының   иегері атанады. 

 Сонымен бірге өзі мүше болған  М. Әуезов атындағы ОҚМУ жанындағы 6D010900-Математика мамандығы бойынша диссертациялық кеңестің ашылуына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз еді.

2013 жылы қара шаңыраққа қайта оралған Досымхан ағай Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының  «Физика-математика» кафедрасына профессор қызметіне қабылданады. 

2014 жылы екінші рет «Жоғары орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын жеңіп алады. Бұл туған ұя – қасиетті білім ордасы үшін қайта оралған ұл тартқан үлкен сый еді.   

Досымхан Рахымбекұлының ғылыми зерттеу жұмысы мектептегі математика курсын оқытудағы және математика мұғалімін кәсіптік дайындаудағы оқушылардың логикалық-әдіснамалық білімдерін арттыру мәселелеріне бағытталған болатын. Оның 210 ғылыми-әдістемелік еңбегі  жарық көрді. Соның ішінде 25 оқу-әдістемелік құралдың, 2 монографияның  авторы.  

     Ғалым, ұстаз, әдіскер Д.Рахымбекұлы педагогикалық қызметі үшін  «Ы.Алтынсарин»,  «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, «ОҚМПИ-ға 80 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. 

Облыстық математика мұғалімдері мен оқытушылар қауымдастығының төрағасы  бола жүріп талай талантты жастың қабілетін танып, талаптануына мүмкіндік сыйлаған оның ұстаздық қызметімен бірге ғылыми еңбегінің математика саласында алар орны ерекше. Соның нәтижесі болса керек, өмірінің соңына дейін  бірнеше шетелдік ғалымдармен шығармашылық байланыста болды.  

Профессор Д.Рахымбекұлының жетекшілігімен 3 докторлық, 15 кандидаттық диссертация қорғалды. Ол тәрбиелеп, басшылық еткен көптеген мамандар — бүгінде республикамыздың білім және ғылым салаларында түрлі қызметте жүрген ғылым кандидаттары, кафедра меңгерушілері, доценттер, профессорлар.

Жүсіп Баласағұнның «Адамдар сирек емес, бірақ сирек кісілік. Кісіліктің қадірін біл түсініп» деген сьөзін оқығанда Досымхан ағай еске түседі. Д. Рахымбекұлы ғылыми интеллектуалдық деңгейі өте жоғары, шағын ғана бойына асыл қасиеттерді сіңірген, қазіргі технология, ақпараттандыру, ғаламдану және интеграция ғасырында білім мен ғылым мәселелері туралы келелі ой қозғап, оны бұқаралық ақпарат құралдарында ашық жазып жүрген батыл ойлы ұлт жанашыры еді. «Негізгі орта білім беру деңгейінің 5-9-сыныптарына арналған «Математика» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы» туралы ел газеті – «Егемен Қазақстанда» жарық көрген «Математикалық білім беруді құрдымға жіберіп алмайық» атты мақаласы сөзімізге дәлел. 2016 жылы «Жаңартылған» бағдарламаның жаңалығы қандай?» деп аталатын дүниесінде де ғалым-ұстаз дәлелді-дәйекті факторлармен өз ойын нақты жеткізеді. Сын айта отырып, оны түзеудің де жолын көрсетеді.

 М.В.Ломоносов айтқан «Ақыл – ойды тәртіпке келтіретін математика» ғылымын, оны оқытудың әдістемесін дамытуға үлкен үлес қосқан, көптеген ғылыми кадрлар даярлаған ірі тұлға Досымхан Рахымбекұлының артына қалдырған мұралары терең зерттеуді қажет етеді.

Азаматтығы мен адамгершілігі, ғылым жолындағы тазалығы мен парасаттылығы, қарапайымдылығы, ғылыми тұжырымдары кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге Досымхан ағайымыздың алда келе жатқан 75 жылдығы жоғары дәрежеде аталып өтіп, халықаралық деңгейде ғылыми конференциялар ұйымдастырылса, ұстаз-ғалым туралы естеліктер жинағы шықса келер ұрпақ үшін игілікті іс болар еді. 

Досымхан Рахымбекұлының есімі өзі білім алып, ұстаздық еткен оқу ордасы мен оқытып, тәрбиелеген мыңдаған шәкірттерінің есінде мәңгі сақталары сөзсіз. 

 

ҚАРЛЫҒАШ САПАРБАЕВА,

Филология ғылымдарының кандидаты, ОҚМПУ аға оқытушысы

 

2 thoughts on “САНДАР ӘЛЕМІНІҢ САРДАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика