АДАМ БОЙЫНДАҒЫ БАРША ҚАСИЕТ ЖҮРЕК АРҚЫЛЫ ӨТЕДІ

АЙДАРЫ: ОЙТОЛҒАУ

 

Көрнекті мемлекет қайраткері, белгілі ғалым-түрколог, өнертанушы, Алаштың абызы Мырзатай Жолдасбектің тәуелсіз мемлекет орнатудағы, оның қалыптастырудағы және түркітану ғылымы мен қазақтың төл өнерін дамытудағы еңбегі өте зор. Ол өз еңбектері арқылы ғасырлар бойы отаршылдықтың, кеңес дәуірінің тоталитарлық  қысымынан жапа шеккен қалың қауымның санасын өзгертуге, салауатты қоғам құруда қажетті өнеге жүйесін қалыптастырып,  сана еркіндігіне жол ашты. Құрметті оқырман, Өздеріңізге қоғам қайраткерінің  ел мен жер тағдыры, рухани мұра, кісілік, тұлға, тіл және дін туралы терең толғаныстарын, ойлы, нақыл сөздерін ұсынып отырмыз.  

АДАМ БОЙЫНДАҒЫ БАРША ҚАСИЕТ ЖҮРЕК АРҚЫЛЫ ӨТЕДІ

Жалғасы. Басы өткен сандарда. 

    Кәдуілгі халықпен бірге жасасатын қадым іс, орынықты ой, кестелі сөз, парасатты пайым, маңдайалды меже, ертеңгі бетке ұстар темірқазық, батыл болжам, дара дегдарлық-адам баласының ең артық қасиеті осында 

* * *

Адам бойындағы барша қасиет жүрек арқылы өтеді. 

* * *

Қазақтың бауырмалдығы-бейғамдыққа, жуастығы жасықтыққа жалғасып, самарқаулыққа салынып, енжарлық етегінен тартпаса болғаны. 

* * *

Қиналған кезде адам ашынады. Ашынған адамның мінезі ашылады. Сол мінезден оқиға, тартыс туындап жатады. Аяғы араздыққа апарады. 

* * *

Шешеннен-сөз, кедейден бөз қалады. 

* * *

Ұлттың тарихын жинаушымын. 

* * *

Заман озған сайын: «Пәлен оқуды бітірдім, түген университеттің түлегімін» деген анықтама ескіре бастайды. Есесіне, өз кәсібінің шебері-кәсіби мамандардың жұлдызы жананды. Кәсібилік төрге шығады. 

* * *

Алтынды аяққа теппей, барымыз бен бағымызды бағалай білгеніміз, жақсы менен жаманды саралай білгеніміз жөн. 

* * *

Түбі бір адам нәсілінің – тілегі мен мүддесі де бір. 

* * *

Күнің барда күліп жүр. 

* * *

Қиюы кеткеннің қисыны табылмайды. 

* * *

Темір тозады, өмір озады, ақылсыз азады. 

* * *

Әңгіме жасаған жаста емес, баста. 

* * *

Құрғақ сөз азық болмайды, қурай қазық болмайды. 

* * *

Өзің біліп тұрып кісінің білмегінін кешірмесең, білгендінің кәне?

* * *

Тектіден текті, тексізден тексіз туады, қарғадан қарға туады, сұңқардан сұңқар  туады, жақсыдан  жақсы туады, бақсыдан бақсы туады. 

 

Ұлы дала, байтақ жер өзінің иесін табады, бәрі де жүйесін табады, киесін де табады. 

* * *

Жұрттың бәрі кісіліктің жолына түссе, елдің де көсегесі көгереді, керегесі кеңейеді. 

* * *

Әйел-анаң, жан жарық, таусылмайтын қызығың, ожданың әрі қорғаның. 

* * *

Қолынан түк келмейтіндер біреудің дүниесінен дәметеді. 

* * *

Там салсаң, тамтығың қалмайды. 

* * *

Шаруа түбі-кеніш, саудагер түбі-борыш, таздың шашы сұйық, салдың арты сұйық. 

* * *

Ғашықтық-жас арасын толғамайды, ол бір қартаймайтын, тозбайтын сезім. 

* * *

Көршің жаман болса, көшіп құтыласың, досың жаман болсы, ұрсысып құтыласың, ел мен ел жараспаса, соғысып құтылады, ал жақының жаман болса қайтіп құтыласың?

* * *

Өзгеге от шашсың, алдымен сол отқа өзің түсесің. 

* * *

Адамзаттың баласының бәрін туыс сана, сен сонда адаспайсың. 

* * *

Көрінгенді жау санама, қарайғанның бәрін тау санама.

* * *

Бәрін ақылға салсаң, сабырлыққа жеңдірсең-дүние кең, ашуға салсаң-кең дүние тарылады. 

* * *

Қазақ тілінің болашақтағы тағдыры да өз қолымызда. Өзімізді өзіміз қадірлейтін іргелі ұлт екенімізді танытып, ана тіліміздің  қасиетін қастерлей білсек, беделін биіктетіп, абыройын асқақтатып отырсақ, анамыздың ақ сүтіндей ардақтай алсақ, қазақ тілі шын мәніндегі егеменді мемлекеттің ту етіп ұстар тіліне айналады. Бүгінгі мәртебеге малданып, намысқа шаппай, жайбарақат жүре берсек, ана тілімізде өзіміз жарытып сөйлемесек, ұл-қыздарымызға  жөндеп үйретпесек, бұлі тілдің ата мемлекеттік болғанымен, заты бәз-баяғы күйінде қала береді. 

* * *

Қасиетті қазақ тілі дегенде біз оның шын мәнінде қасиет тұтар ерекшелігін-лексикасының ұшан-теңіз байлығын, грамматикалық амал-тәсілдерінің молдығын, сөздерді оңды-солды ойнатып, ажарын ашып жіберетін икемділігін,  сөйлем мүшелерін қырық құбылтып әкететін оралымдылығын, дыбыс жүйесінің саздылығын, әуезділігін, тартымдылығын ескеріп айтамыз. 

* * *

Ұлт күшейсе, тіл де күшейеді, ұлттың мәртебесі көтерілсе, тілдің де мәртебесі көтеріледі. 

* * *

Халықтың ең бірінші ұлттық құндылығы-ана тілі. 

* * *

Ұлттың ұлы қазынасы-ана тілін жаңа ғасырдың биігіне абыроймен алып шығу-бүгінгі ұрпақтың парызы. 

 

Мемлкеттік тілді білмей өскендер  уызына жарымыған нәрестемен бірдей болады. 

* * *

Өз тіліңді өзің  үшін, өзгенің тілін күнің үшін үйренесің. 

* * *

Мемлекеттік тілді білмейтін адамды мемлекеттік қызметке алмау керек. 

* * *

Қобыз қонады, 

Домбыра дариды. 

Перзент тілектен туады, 

Ән жүректен туады. 

Күй-көңілден туады. 

Бәрі де өмірден туады.  

 

2 thoughts on “АДАМ БОЙЫНДАҒЫ БАРША ҚАСИЕТ ЖҮРЕК АРҚЫЛЫ ӨТЕДІ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика