Ұ.Әмзеқызы: «АТА-АНАНЫҢ ПАРЫЗЫ БАЛАНЫ ДҰРЫС ТӘРБИЕЛЕУ»

«Алып анадан туады»  деген сөз бар.Батырды да, ақынды да, әкімді де дүниеге әкелетін – Ана. Ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен де ана кеудесінен нәр алып өседі. Әр ана өз баласын өсіре отырып, ұлт тәрбиесіне үлес қосады. Көктем мерекесі қарсаңында  Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі, «Қазақстанның еңбек  сіңірген қызметкері», педагогика ғылымдарының докторы, профессор, географиядан Ұ.Ә.Есназарованың Республикалық атаулы мектеп жетекшісі, академик ҰлжалғасӘмзеқызымен сұхбаттасқан болатынбыз.

Ұлжалғас Әмзеқызы, көктем мерекесімен құттықтаймыз. Білуімізше, сіз төрт баланыөмірге әкелген, ұлды ұяға, қызды-қияға қондырған үлкен шаңырақтың ұйытқысы болып отырған анасыз.  Өмірде, отбасында, әлемде әйел-ананың рөлі қандай? Осы мәселенеі таратып айтсаңыз.

Қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең — бесігіңді түзе» деген  өсиеті бар. Адам баласының өмірінде алғашқыеститіні ананың әлдиі. Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы туған ұясы, отбасы. Отбасы – әр бала үшін алтын бесік. Алтын бесігінде  ананың әлдиі мен әкенің қамқорлығына, мейіріміне бөленген бала сонда түлеп өседі, оң-солын танып, қанат қағады. Қарапайым әдеп қағидалары мен адамгершілік қасиеттерді де бойына сіңіріп, еңбек әліппесінің алғашқы беттерін де өз үйінде ашады. Қазақ халқының ұлттық педагогикасында «Тәрбие-отбасынан басталады» деп тегін айтылмаған.

Ата-ананың  міндеті баланы бағып-қағып, олардың денсаулығы дұрыс болып, жетіліп өсуін қамтамасыз ету ғана емес. Ата-ананың басты парызы – балаға дұрыс   тәрбие беру. Балаға тәрбие беру, білім беру, бас құрап, үй болып, аяққа тұрып ел қатарына қосылып кеткенінше  қамқор болусияқты асыл міндеттер парыз һәм қарыз. Сонымен қатар, балалары қартайған ата-анасын қамқорлыққа алып, сүйеніш болуы секілді міндеттері ұштасып жатады. Бұл да әрине, халқымыздың  ежелден келе жатқан дәстүрлі тәрбие жүйесі.

…Тұрмысқа  шығып кетіп  бара жатқанымда  анам  «Іргелі ел  Ұлы  жүзге келін  болып  барасың. Ол енді өз елің, өз жұртың. Туған ұяң  төркін жұртың. Туған  үйіңнен  тек жақсы тәрбиеңді алып кет. Балалығың мен еркелігіңді  үйге тастап кет. Әйелдің пірі  күйеуі. Күйеуіңмен кеңеспей  ешбір шаруа жасама» деген еді. Анамның айтқан ақылын бүгінде мен де  балаларым мен  немерелеріме өсиет етіп, үйретіп келемін.

…Қандай бала болмасын анасын сүйеді, ананы көбірек жақсы көреді, анадан көп қамқорлық көреді. Сырын  да әуелі анасымен бөліседі. Бірақ бұл бүкіл жауапкершілікті Анаға артып қою деген сөз емес. Бала тәрбиесіне ана мен қатар әке де жауапты екенін айтқым келеді. Бұл жағынан менің жолым болды десем де болады. Құдай қосқан қосағым, өмірлік жолдасымыз екеуміз балалардың тәрбиесі болсын, жалпы, шағын отанымыздың «арбасын» бірге сүйреп, бірге тарттық. Қызығын да, «шыжығын» да бірдей бөлістік. «Мына жұмыс ер адамға, ана жұмысты әйел атқару керек» деп санаспай, бір-бірін қас-қабағынан ұғатын жұп болдық.

«Әйел бір қолымен бесікті тербесе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз тегін айтылмаған. Бүгінде әйелдердің дені үй шаруасымен ғана айналысып отырмайды, мамандығымен жұмыс істеп, қоғамда өз орыны мен салмағын танытып, еліміздің дамуына үлес қосып жүр. Қызмет пен қатар бесігін де тербетіп, отбасының ұйытқысы болып отырған аналар аз емес. Бұл қасиет біздің қазақ қыздарының ерік- жігерінің мықтылығын көресетеді.  

Сіз қоғамда орны бар Анасыз, географиядан Ұ.Ә.Есназарованыңреспубликалық атаулы мектеп жетекшісі болып, Алматыдағы № 138 қазақ  мектебінде ұзақ жылдар бойы еңбек еттіңіз. Бала тәрбиесі, отбасымен қатар ғылымды да игердіңіз. География оқу пәні бойынша тек ел көлемінде ғана емес,  бүкіл түркі тілдес елдер географиясына арналған пайдалы оқу құралдарын жаздыңыз. Осының бәріне үлгердіңіз. Бүгінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетініңректоры Жанар Аманкелдіқызының ғылымға, білім беру қызметіне келуіне  Сіздің  ғылыми  жолыңыздың әсері болды ма  екен?

– Иә, біздің отбасымыз, әулетімізді ғалымдар әулеті деуге болады. Себебі, атасы мен әкесікезінде М.В.Ломоносов атындағы Мәскеумемлекеттік университетінде аспирантурада оқыған. Ал, Жанар  туылғанда  әкесі кандидаттық  диссертациясын  қорғаған  болатын. «Папаң  университетте жақсы  оқығандықтан Мәскеуде  оқыды, сабақтарыңды  жақсы  оқысаңдар,  папа сияқты ғалым  боласыңдар», деп  үнемі айтып  отыратынмын. Мен ғылымға кеш келдім. Балаларымның алды студент, кішісі мектепке  барғанда  ғылыммен айналыса  бастадым. Кеш бастадым ба екен, енді қалай болады деп екі ойлы  болып  жүрген  кезімде көршіміз, әрі  досымыз қазақтың  біртуар  ұлы, әйгілі арабтанушы Әбсаттар қажы Дербісәлі кездесіп қалдым.

«Ұлжалғас сен ғылыммен айналысып жүр едіңғой, не болды?», деп сұрады.  «Жетекшім  өмірден  озып кетті,  қайта жетекші  бекітіп жаңадан бастауға   жасым келіп  қалды-ау», деп  жүрексініп жүргенімді айттым.

Әбекең:  «ғылыммен айналысу ешуақытта кеш  болмайды. Мен ҚазҰУ-де  декан  болып  жүргенде  қазақ тілін  үйренемін деп 70 жастағы  жапон  қарты келіп  оқыды», деді.

Сол сөз қамшы  болып, мектепте географиядан сабақ  бере  жүріп, ғылымға ден қойдым. 1996 жылы педагогика ғылымдарының кандидаты, 2005 жылы докторлық диссертацияны сәтті қорғап, педагогика ғылымдарынан докторы атандым. Балаларым  жазған еңбектерімді теруге, баспадан  шығаруға көмектесті, өздері  тәжірибе жинақтады. 1999 жылы Анкарадағы Қожа Ахмет Ясауи университетінің  Жәрдем қоры  баспасы  «Түркі тілдес елдер географиясы» кітабымызды қазақша  басып  шығарып,  Түркиядан  үйге әкеліп бергенде кеудемді қуаныш кернеді. Кейін бұл еңбегім бірнеше рет қазақ, орыс және  қырғыз тілдеріне  аударылып  басылды.

Балаларыңыз туралы әңгімелеп берсеңіз.

«Қазақта  қарға  баласын аппағым, кірпі  баласын жұмсағым» дейді  деген  сөз бар. Жаңа өзің сұраған Жанарым ғана емес  бар  балам ақылды, әдепті,  айтқанды тыңдайтын  тәрбиелі  болып  өсті. Бала  тәрбиесіне  әкесінің  ықпалы зор болды. Кезінде  өзі қазақы тәрбие алған  әкесі өткен XX-ғасырдың  80 жылдары  балаларын  қазақ тілді мектепте оқыту  үшін қаланың бар қиырын шарлап шықты десем артық айтқаным емес. Себебі,  ол кезде Алматыда  бір ғана  №12 қазақ мектебі бар-тын. Ол мектеп үйімізден алыс  болды. Содан оқу министріне дейін барды. Ақыры ҚазКСР халыққа білім  беру министрінің  рұқсатымен Алматы  қаласындағы шопандардың  балалары жатып  оқитын №9 мектеп-интернатқа үйден қатынап оқуға рұқсат  еткен шешімін шығарып әкелді.

1986 жылғы  желтоқсан  оқиғасынан кейін, сірескен сең қозғалып қазақ мектептері көбейебастады. Сол жылдары Алматыда жаңадан салынған   төрт мектеп  қазақ мектептері  болып ашылды. Содан кейін Жанар №138 қазақ мектебіне  ауысып, сонда  оқыды. Озат оқушы болды. Ал 8 сыныптан  бастап  О.Жәутіков атындағы  дарынды  балаларға арналған  республикалық физика-математика мектебіне(РФМШ) арнайы  емтихан  тапсырып  түсті.  9-10 сыныпта екі  жыл  қатарынан химия пәнінен республикалық   олимпиадаға қатысып жүлделі  Бірінші дәрежелі дипломмен  марапатталған болатын. Жанар  жасында ойына  бір нәрсе алса,  менімен ақылдасып, кеңесіп  отыратын. Бірде химиядан пән олимпиадасына қатысамын дегенде «неге  физика немесе  математикадан  қатыспайсың?»  деп сұрадым. Сонда математика мен физикадан онсызда  жақсымын, келешекте  маған  химия пәні  керек  болады дегені есімде. Содан РФМШ мектебін жеделдетіп, үздік бітіріп (Алтын медаль иегері), Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің экономика факультеті мен Түркияның Анкара қаласындағы Хаджатепе университетінің инженерлікфакультетіне түсті. Түрік тілінен  тест тапсырғанда жүзден жүз балл алып емтиханнан өтті. Бір жолы  жағдайларын  білейін  деп  барсам қызым  150 микробтың  атын түрікше, ағылшынша, латынша  жаттап  отыр екен. Сонда Түркияның  жоғары  оқу орнында оқу оңай емес екеніне  көзім  жетті.

Дана халқымыз «Анасын көріп қызын ал» деген бір ауыз сөзбен бала тәрбиесінде ананың рөлін нақтылап  көрсетеді. Ана мен бала арасындағы үйлесім туралы не айтар едіңіз. Балаларыңызға қандай қасиеттеріңізді дарытып, тәрбие бере алдым деп ойласыз?

– Ең бастысы адалдық. Үлкенге ізетті, кішіге мейірімді  болу. Отбасына, құдай қосқан қосағы жарына адал болу, өтірік айтпау. Еңбекқорлық. Ұжымда ынтымақтастық пен ауызбіршілікпенеңбек етіп, ешкімнің арына тимеу. Осы қасиетті перзенттерімнің бойына егуге тырыстым.

Оқырмандарға мерекелік тілегіңіз.
Көктем мерекесі құтты болсын! Әйелдің, ананың  халі түзелсе, баланың да халі түзу болмақ. Әйел аман болса әлем аман болмақ. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен: Әтіргүл Тәшім, журналист

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика