Адамтас жайлы әпсана

АЙДАРЫ: Аяулым-ардақтым!

Анамды балалық шақсыз,  балалық шағымды анамсыз елестету қиын екен..

                                                                                                                 (Автор)

Мен ес білгенде біз Адамтаста тұрушы едік. Адамтаста төрт қойшы отбасымен тұрады. Бағаналыға он шақырымдай жер. Біздің үй тұрған жерден екі-үш шақырым жерде сұлбасы адамдарға келетін тастар бар. Адамтас аталуына себеп- сол тастар екен.  Адамтас- айналасын биік жоталар қоршаған, шөбі шүйгін, малға жайлы, қысы қытымырлау, көктемі сұлу, жазы ыстық, күзі құнарлы мекен. Менің өмірімнің меруерт шақтары, ең бақытты сәттері, қайғысыз-қамсыз күндері осы Адамтаста өтті. Айдалағы сусыз шөлейт жер болса да, мен үшін ең ыстық мекен — осы Адамтас. Ең тəтті түстерімде сол Адамтаста жүремін. Əр тасы, əр жотасы,  әр қиясы, әр сайы сол күйі айнымай кіреді түсіме. Мен сол Адамтаста жүргенде ғана тəуелсіз болғам. Онда мен адамдарға жағынуды, «адамдар не дейді екен»  сияқты жиренішті нəрселерді білмек, сезінбек, сезбек түгіл, олардың өмірде бар екенінен де бейхабар болатынмын. Сол күндерді, сол құтты мекендегі таза жүрегімді аңсаймын.

Бал бала шақтан еміс-еміс есте қалған суреттердің бірі мынау: Түнде тұрып шай ішем деп жылайтынмын. Түн ұйқысын төрт бөліп оянып шай әкелген анама: «Дастарханды дәу ғып жай» деп қиғылық салатынмын. Анам мейірлене дастарханын кең ғып жаяды. Содан кейін: «Айналайын деп айт» деймін. Анам: «Айналайын» десе: «Жөндеп айт» деп тепсінем. Анам бар ықылас, мейірімін төге:»Айналайын» дейді. Мен шайымды ішемін. Шаймен қоса бойыма анамның мейірім махаббаты тарайды.

Тағы бір есімде қалғаны- апам көрші қойшылардың әйелдерімен сөйлесіп тұрғанда, мен апамның бетін қолыммен өзіме қарай бұрып алушы едім. Апамды жер-жаһандағы тірі пендемен бөліскім келмейтін. Өзі де мейір-махаббатын маған бар пейілімен төкті. Адамтас- шөлейт жерде орналасқан. Мал ішетін суды сапқоз бадабозбен тасиды. Су қат. Ауыз суды да сол бадабоз әкеп құйып кететін бөшкеден іштік. Үйден екі-үш шақырымдай жерде «Түйекештің құдығы» деген құдық бар. Құдықтың басында жалғыз қарағаш өседі. Қарағашты кезінде осы жерде мекендегентүйекеш еккен екен. Бала күнімде жапан далада өскен сол жалғыз қарағашқа қарап, неше алуан қиялдарға берілуші ем. Сол жалғыз ағашқа қарап тұрып қайнаған өмірдің бір кездерде осылай қаңырап тек ізі ғана қалатыныны туралы ойланушы ем… Жаздың ыстығына шыдамаған қойшының балдары анда-санда сол құдыққа  шомылуға барады. Үш-төрт жасар кезім болу керек. Маған үлкен балдар «Бізбен бірге шомылуға жүр» дейді. Барғым келеді. Бірақ барсам апамнан айрылып қалам деп ойлаймын. Ал апамнан айрылу мен үшін жер бетіндегі ең ауыр қасірет екенін бала жүрегіммен сеземін. Арбамен, кейбірі ешекпен құдыққа бара жатқан балаларға қосылайын деп жүгірем, бірақ сәл жүгіргеннен кейін апама бұрылып қараймын, апам да мені қайтер екен дей ме артымнан қарап тұрады. Шұрқырап қайтып келгенімді көргенде «Ойбүу, Құдай-ау, қайтадан кеп қалдың ба?» деп күледі. Оған көрші әйелдер де қосылып «Шешей, кішкене бала сізден бір елі ажырамайды, сіз кетіп қала ма деп қорқады ғой» деп күліседі. Кейде арбаға мініп кетіп бара жатқан жерімнен секіріп түсіп қаламын да, апама қарай жүгіремін…

Бізге жиырма жыл тұрақ болған Адамтастағы үй әлі бар. Қара шаңырақ. Балалық шағым өткен осы шаңырақтың қандай ыстық екенін тілмен айтып жеткізу қиын.

Бала күндегі тағы бір есімде қалған сурет таң атып оянған соң, төсекте жатып үйдің төбесіне қараймын. Бала қиялыммен паталогтан әр түрлі суреттер көремін. Анау қатар тұрған екі қауын, ана бір бейне аумаған адамның беті, дуалдағы «машинаның жолы», Ақжол ағам жетпісінші жылдары шай ішетін үстелдің астына салған балерина қыздың суреті осының бәрі мен үшін ыстық естеліктер, балалық шақта санамабасылған теңдессіз суреттерге айналғалы қашан. Осыдан екі-үш жыл бұрын Адамтасқа қозықұйрық тере барғанда, баяғы біздің үйде тұратын қойшыға «Үйге кіріп көрсем бола ма?» деп өтініш айтып ем, қойшы «Мақұл» деді. Үйдің біз тұрған жағы қазір қойшының анау-мынау заттары тұратын қоймаға айналған екен. Үйдің ішіне кірдім. Бәз баяғы қалпы. Қойшы қасымда тұр. Менің қандай күй кешіп тұрғанымды сезе қойды ма екен? Үйдің төбесіне қарап баяғы төсекте жатып қарайтын суреттерді іздедім. Олар да орнында екен. Екі қауын да, адамның келбетіне ұқсайтын сурет те орнында тұр. Ішімді бала шаққа деген алапат сағыныш кернеп, көзімнен бір тамшы жас үзіліп түсті. «Тамтөбестегі атақты Торы аттың тұяғы мен жалын көрсем бола ма?» дегім келді. Дей алмадым. Онсыз да үйіне кіріп, жан-жақты тінте қарап тұрған менен күдіктеніп тұрған қойшыны тағы да алаңдатуға ұялдым. Мүмкін күдіктенбеген шығар, өзімнің қысылып тұрғаным анық. Осы кеңдігіне де рахмет деп үйден шықтым. Машинаға кіргенде балам-шағам айдаладағы осы бір үйдің мен үшін әлемдегі ең ғажайып мекен екенін айтсам, түсінер ме екен деген ой келді. Жасымды іркіп қалдым. Ұзап бара жатқанымда үй мені қимай солқылдап жылап тұрғандай сезілді. Ия, үй де өксіп жылайды…

Адамтас көктемде құлпырады. Жоталар көкке малынып, бәйшешек шығады. Балапан бүршік атып, шырыш бой қылтитады. Гүлқайыр, Мәсі-кебіс, Қызғалдақ, Ботатайлақ бой түзеп, бала біткен жотаның үстіне гүл, шырыш теруге шығамыз. Шырыштың ең ұзынын, ең жуанын тауып, түбімен жұлып алсаң, әлемді жаулап алғандай өзіңді жеңімпаз сезініп рахатқа батасың. Жаңбыр жауған күннің ертеңіне жотаның қиялау беткейіне шығып секірсем, жердің астынан сылдырап аққан судың даусы естілетін. Жалыққанша әбден секіруші ем.Қозықұйрық. Қозықарын. Көз қарыған қызғалдақ.Сарғалдақ. Саф таза ауа. Мұнда аспандағы бұлт та ерекше сұлу. Боз. Шырыш. Бозторғайдың жүрек қытықтаған əсем даусы. Жотадағы түрлі түсті тастар, ақ, сары, қара қошқыл, қоңыр, сұр, алқызыл топырақ. Бала біткен шұрқырап таң алагеуімнен күн батып, қас қарайғанша ойынға тоймаймыз. Арасында үйге кіріп, қолымызға нан-қант алып шығамыз. Қантты нанмен қосып қытырлатып жегенде, әлемде бұдан асқан тәтті тамақ бар десе сенбес едік-ау. Ойын түн боп, көзге ештеңе көрінбей қалғанша жалғасушы еді. Қайран қайғысыз, қамсыз күндер.  Бала күнді аңсаймыз ғой. Неге? Сөйтсем бала күнгі дерттен ада сау жүректі аңсайды екенмін. Балалықты аңсау- таза жүректі аңсау екен. Күнəдан пəк жүректің тыныштығын аңсау. Толстой  айтпақшы жүректің тыныштығы-үлкенбақыт. Құнсыз дүние дүр. Дүниенің алдамшы жылтырағына ынтық болып, соған қол жеткізем деп жүріп жүректегі тыныштықтан айрылады екенбіз. Бірақ сол жылтыраған дүниеңізге жүрек тыныштығын сатып ала аламыз ба?!

Беу, кекілін күн жуып, жел тараған қайран бала күнім. Сенің нұрлы шуағыңа малынып жүрген кездерде есейер шақты аңсаушы ем. Енді ес тоқтатқан шақта тіршіліктің сан алуан былығына малынып жүріп сені аңсаудамын...

Бір күні қозықұйрық теруге шықтық. Үйден ұзаңқырап кетіппіз. Қозықұйрықтың қайда өсетінін білеміз. Біз кезде жотаның үстінен бір көк жігүли көрінді. Біздің жанымыз қалмады. «Адырда жөйт жүреді. Шақырса бармаңдар, олар балаларды сойып жейді» деген үлкендердің сөзі сап етіп еске түсті. Жігүлидің ішінен бір ұзын бойлы «жөйт» шығып: «Идите суда» деп қолын бұлғап бізді шақырды. Біз үйге қарай қаштық. Мен бəрінен озып бара жатырмын. Ең соңында қалған Нұрлан «Ай, өлетін болдық қой» деп ботадай боздап келе жатыр. Қазір ойлап отырсам, бізді шақырған жөйт емес, қаланың қым-қуыт, қыл-қыбыр тіршілігінен бір сәтке қашып шығып, қозықұйрық іздеген орыстар екен-ау. Шіркін, бұның да буалдыр сағымдай қол жеткізбес тәтті естеліктің біріне айналатынын мен ол кезде білген жоқпын, әрине. Расында, кей естеліктер жаныңның тереңіне жайғасады. Оларды күндер де, айлар да, жылдар да ұрлап ала алмайды.

Апамның қасында еркелеп жатып, аға-әпкелеріме жаным ашиды. «Бұлар еркелемей қалай өмір сүреді екен?» деп ойлаймын. Расында да, кейінгі өмір жолымда еркеліктің дәмін татпаған, тата алмаған талай адамдарды көрдім. Осы бір ұлы сезімді басынан кеше алмаған балалардың тағдыры қандай ауыр еді?! Бұған балалардан гөрі ата-аналар кінәлі болса керек. Жас нəрестенің жұпар иісін иіскеген шығарсыз. Бұ жалғандағы ең тартымды иістің бірі сол болар. Неге сонша тəтті? Себебі нəрестенің ішкі тазалығы ма деймін. Сиіп-тышып жүрген кезінде осынша ғажап жұпар иіске малынып жатуы сол ішкі тазалықтан болар. Ес білгенде сыртқы сəнімізді түзеп алғанымызбен, көпшілігіміз ішкі əлемді ұмыт қалдыратынымыз ақиқат. Бірде үсті-басы алба-жұлба дуанаға қарап жиреніп, артынша «мүмкін менің жан-дүнием осындай қайыршы күйде шығар» деп есімді жиып алғаным бар еді. Бір күн жуынбасақ тəніміздің қандай күйге түсетіні белгілі. Ал жанымыз ше? Оның тазалығы туралы ойландық па?!

Он бірінші перзент. Үйдің еркесімін. Үйдің шаруасында менің жұмысым жоқ. Уайым-қайғы, малға қарау, шөп жию дегенді ойыма алмаймын. Бұның екі себебі бар: біріншіден әкем- өз әкесінен ерте  айрылып, алты жасында тіршілік қамыты мойнына түскен адам. Балалық шақтың рахатын ол кісі көре алмаған. Содан ол бар ғұмырын балаларына арнаған. Бала күнімдегі әкемнің «Мен бала боп ойнаған жоқпын. Алты жасымда қолыма кетпен ұстап, жер шаптым. Осы күні ойнап жатқан баланы жұмсаған адамды көрсем жаным қалмайды. Мен ойнай алмадым, оқи алмадым, шырақтарым. Сендер  оқыңдар» деген сөзі күні кеше естігендей жадымда жаңғырып тұр. Расында, әкем бізді батырып жұмсаған емес. Қырық жыл қойдың соңында жүріп, бәрімізді оқытты. Екіншіден, алты ағам, төрт әпкем бар. Маған қайдағы жұмыс?! Менің жұмысым-таң атқаннан кеш батқанша ойнау, арасында үйге кіріп апама еркелеу. Болды. Менде басқа жұмыс болған емес…

Жазда жайылымды сақтау үшін қойшылар Өгемге көшеді. 1986 жылдың таудағы жазы есімнен кетпейді. Естен кетпейтініндей бар. Мені тауда сүндетке отырғызды да, таудың суығына ұрынып мен жиырма күндей төсекке таңылып қалдым. Әкем күн батқанша таудың шыңдарында қой бағып келеді, келгеннен кейін маған  кітап оқып береді. Мен әкемнен: «Көке, мына кітапты үлкен адам жазған ба?» деп сұраймын. Әкем: «Иә, балам, бұны үлкен адам жазған» дейді. Олай сұрайтын себебім- үлкен адам бола тұра баланың ойын қалай тап басады деп таңқаламын. Құдды бір өзіңмен жасты баламен сырласып отырғандай әсерге бөленесің. Осылайша менің кітапқа деген махаббатым ертерек оянды. Ол үшін әкеме қарыздармын. Кейін есейгенде әкемнен: «Көке, баяғы тауда маған оқығаныңыз қандай кітап еді, есіңізде ма?» деп сұрап ем, әкем: «Есте жоқ қой» деп жауап берді. Қандай кітап екенін кейін таптым. Бердібектің «Балалық шаққа саяхаты» екен...Сол жылы тауда Қырыққыздың ар жағындағы Жақыпбекбұлақта отырдық. Өгемнің арғы бетіндегі тауды алғаш көргенде, құлап бізді мыжып тастай ма деп, қорыққаным есімде. Таудың мұрын жарар  ғаламат иісі, шыңға біткен шыршалар, қияға біткен қияқтар, шың түбіне қонақтаған бұйра бұлттардың бұрқ-бұрқ еткен даусы,  көкті найзағай тілгілеп, жаңбыр құйып тұрғанда лаулап өртенген шырша, киіз үйді көтеріп кете жаздап, үйіріле соққан дауылдар күні кеше болғандай ойымда тұр. Көзге таяздау боп көрінген Өгемнің ат ағызар екпіні, қас қарайғанда жүрегіме қорқыныш ұялата  күркіреген алапат даусы бәрі-бәрі есте…

   Апам әкесі (Жәке дейтін) туралы айтқанды жақсы көруші еді. Әкесін ерекше махаббатпен еске алғанда, мен де ұйып тыңдап қалатынмын: «Жәкемнің бойы, пормасы тура Бәкір сияқты да, бет-әлпеті Ақжолға келеді. Жәкем бейшара өте сыпа, үстіне кір жуытпайтын таза адам еді. Жарбастауда Сейітбек деген өзінің тігіншісі бар еді. Сейітбекке тіккізіп қара шектен, бөрік киетін еді. Қолынан рүшке түспейтін. Жазда егінмен айналысатын да, қыста үнемі жазып отыратын. Москваға орысшалап бірдеңе жазатын. Кейде мен желкесінде тұрып көріп тұратынмын: «Центральному комитету» деген сөздерді көзім шалатын. Бірде «Қарама, балам, екінші» деп ұрысты. Намаз оқитын. Сөздерін анық, нақты-нақты айтатын. «Адамға адалдық керек. Адал болса адам бір дәрежеге жетеді, адал болмаса, ештеңеге жете алмайды» деп көп айтатын. Жәкемнің жағдайы өте нашар болды. Бірақ жағдайым нашар деп мойыған емес, ауылдағы күллі кемшілік, артықшылықты таразылап, маған күнделікті айтып отыратын. Менімен әңгімелесетін. Үйде менен басқа әңгіме қылатын адам да жоқ. «Сәулежан» деп менімен үлкен адамдардай әңгіме қылатын. Бізге олпы-солпы киім кигізбейтін. Шымкентке апарып, шап-шақ киімдер әперетін. Киімнің түсіне қатты мән беретін. Қызыл түсті жақтырмаушы еді. Апамнан «Үйде ет бар ма, кемпір?» деп сұрайтын. Ет  болмаса, «Істеме, ол ауқатыңды кім ішеді?» деп, ет ап келетін. Жаз шықты дегенше бір биені әкеп байлап қоятын. Үйде бір шөген қазан болатын, апам соған қымыз ашытушы еді». Апамның әке туралы әңгімесі осылай өрбитін-ді. Айтса айтқандай, әкесі Садық арапша, орысша оқып, жаза білетін, көзі ашық адам болған. Садық дүниеден өткенде ауылдағы ағайынның бірі «Садық өлген соң, бәріміз білгіш боп кеттік» деп отырар екен. Шіркін, бала деген өмір бақи ата-ананы аңсап, олардың жақсы сөзі мен ісін мақтан тұтып, өмірден өтіп кетсе де, аузынан тастамай ардақтап отырады екен-ау. Жетпістен асып, сексенге таяса да анам жарықтық әкесі мен анасын қайта-қайта есіне алып, «Жандарым-ау, асылдарым-ау» деп отырушы еді. Рас. Ата-ана- баланың жаны, асылы.

   Бір жолы апамды көлігіме отырғызып алып,  ауылға кемпірлердің гәбіне алып бардым.  Қайтарда анам балалық шағын еске алып, мен тыңдаумен болдым:
«Ол кезде қыздар киіз үйдің ішінде, балдар сыртында тұрып айтысатын. Өлең айтқан қыз басына орамал жамылып алатын. (Менің есіме «Қыз Жібектегі» күйме ішінен пердені аздап қана ашып, Бекежанға тіл қатқан Жібек түсті.). Жеңілген жақ сыйлық береді. Оны «телім» дейтін. Əкем қайтыс боларда басында екі інісі тұрыпты. Жан тəсілім етер сəтте інісі Əбдәлі: — Арыстаным, қош бол,- депті. Осыны естігенде егіліп жыладым. Өзегімді өкініш өртеді. Əкем расында да арыстан еді. (Рөлде келе жатқан менің жанарым жасқа шыланды). Жәкем «Шерімді, Ғаппарды, Ормашты алған алған Құдай кімді қояды дейсің, аһ!» деп көкірегі қарс айрылып отыратын.  Кеңес өкіметін жақтырмай «Бұл өкімет ұзаққа бармайды. Бұлардың түбі зорлық, айтқандары өтірік» деп отыратын. (Тарих үшін 70 жыл 7 секунд сияқты). Молдаш көкем үйінің қасынан өткен бала біткеннің тырнағын тексеріп, өсіп кеткендері болса, ерінбей міштəрімен алып беретін. Ауылдағы бала біткен Молдаш көкемізді жақсы көретін. (Мен ішімнен «жарықтық не деген балажан еді» дедім). Бала күнімізде Жауқазын, Рауаш теретінбіз. Қозықұйрық теріп əкеп, оны Молдаш көкеміздің үйіне əкелеміз. Сол үйдегі жеңгеміз пісіріп береді».
 Анамның өткен балалық шағының тəтті естеліктерін тыңдап, рахат күй кешіп ем сол күні. Сол күні көліктен түсерде анам «Шырағым, екі дүниеде бақытты бол, бала-шағаңның қызығын көр» деп батасын беріп еді. Маған одан артық батаның керегі де жоқ еді… Қазір апамды бір жерге апарғым келсе де, апара алмаймын. Өйткені қасымда жоқ…

Апам аурухана түсті. Сол күні сыртқы есік ашылғанда апам келе жатыр екен деп, кəдімгідей елеңдедім. Күндегі əдеті бойынша қолында маған, тек маған ғана арнаған бір нəрсесі бар апам келе жатыр-ау деп ойладым. Басқа біреу екен. Енді апам үйге солай кіріп келе жатар ма екен?! Көзімнен бір тамшы жас ыршып түсті. Апам аурухананың реанимациясының төсегіне таңылғанда қадірін бұрынғыдан да терең ұғындым. Көз жасымды балаларым көрмей-ақ қойсын деп, ішкі бөлмеге кіріп ем, көзім ілініп кетіпті. Түс көрдім. Түсімде балдай тəтті балалық шағым өткен Адамтаста жүр екем. Айнала жердің бетін көмкерген жасыл шөп. Желдің əсерімен толқындана қимылдайды. Көптен бері мынадай саф табиғи сұлулық көрмеген менің кеудемді қуаныш кернеді. Ішімнен «Шіркін-ай, не деген сұлулық! Қаланың қарбалас тіршілігіне малынып жүріп мына ғажап сұлулықты көру мүмкін емес қой», ана бір жерде аппақ қозықұйрық тұр екен деп қоям. Қасына барғанда байқадым, түбі жуан қозықұйрық кесілген екен. Кесілген түптің жанынан енді ғана өсіп келе жатқан майда қозықұйрықтарды көрдім. Бірақ мен қозықұйрық теруге емес, сүйікті мекенім, балалық шағым өткен қасиетті мекенім Адамтасты тағы бір рет көру үшін келе жатыр екем деймін. Сонда да бір тал қозықұйрықты қолмен үзіп алдым. Міні Адамтасқа да жеттім. Бұрын Адамтас түсіме кіргенде үйде ылғи анам, әкем, бауырларым жүргенін көруші ем. Бұл жолы төменде бөтен адамдар жүр екен. Біреуі маған қолын көтеріп қояды. Бір тастың үстіне шығып қасиетті мекенімнің бала жүрегіме сіңген суретіне əбден көзімді суардым да, бар даусыммен «Қош бол, қасиетті мекенім! Балалық шағымның мекені» деп артқа қарай бұрылдым. Оянып кеттім. Оянсам көзімнен ыстық жас тамшылап жатыр екен. Осы мекенде мен анамның аялы алақанының дəмін таттым. Осы мекенде менің кіршіксіз жүрегім қалды. Осы мекенде менің бал бала шағым өтті. Түн ішінде оянып ап, анамнан шай сұрайтыным, дастарқандды дəу қып жаз деп қиғылық салатын сəттерім, айналайын деп айт деп тепсінгенім, айналайын деп аялаған ғазиз анамның қолынан шай ішкен сəттерім бұл мекен осының бəріне куə. Сөйткен анашым қазір қасымда жоқ. Енді басымнан сипайтын сенің алақаныңдай алақан, бізді ойлап тілім-тілім болар жүрек қайда?! Қазір анаммен бір рет кездесу мүмкіндігі үшін, қолымда барымды ойланбай-ақ айырбастап жіберер ем. Әттең, бұл жалғанда ол мүмкін емес дүр. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» дейді ғой, айрылғанда біледі екесің.

Абай Қалшабек

18 thoughts on “Адамтас жайлы әпсана

  1. 123846 911225I discovered your weblog site on google and check a few of your early posts. Proceed to keep up the exceptional operate. I just extra up your RSS feed to my MSN News Reader. In search of ahead to studying extra from you in a whilst! 672957

  2. 76912 984658yourselfm as burning with excitement along accumulative concentrating. alter ego was rather apocalyptic by the mated ethical self went up to. It is punk up to closed ego dispirited. All respecting those topics are movables her need to discover no finish touching unpronounced. Thanks so considerably! 693135

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика