Түркістан облысы Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Төлбасы аға тұлғасы» атты көрме жасақталып, көпшілік назарына ұсынылуда. Шардаралық еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Төлбасы Батырханұлы Бектасовтың мағыналы өмірінен сыр шертетін көрмеде, ағамыздың отбасылық өмірі туралы да шынайы деректер көрініс берген. Музей ұжымы шарада Төлбасы Батырханұлы жөніндегі мәні мол мәліметтерщмен таныстырды. Өз кезегінде ауданның Құрметті азаматы, «Құрмет» ордені иегері Қыстау Ілесов ардақты ардагердің өмірі мен қызметі туралы баяндама оқыды. Мұнан соң Шардара аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков көрменің басты кейіпкері туралы пайымды пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ ардагерлер кеңесі жанындағы әжелер алқасының төрайымы, «Құрмет» ордені иегері Жамал Төлешева Бектасовтар әулетінің өткені мен бүгініне көз жіберіп, өнегелі отбасының көпке үлгі боларлық ілкімді істерін өнеге етті. Көрмеге арнайы ат басын бұрған Шардара қаласының әкімі Ережеп Бекет Төлбасы Батырханұлының қоғамдық кеңес мүшесі, еңбек ардагері ретінде атқарып жүрген қыруар қоғамдық тірліктеріне тоқталды.
Музей көрмесін тамашалауға арнайы келген жұртшылық Төлбасы Бектасовтың қоғам арасындағы абыройын жаңа қырынан көргендей болды. Көрмеге еңбек ардагерінің өмірінен сыр шертер көптеген фотосуреттер, мемлекеттік наградалары және тағы басқа жеке заттары қойылды.
1978 – 1981 жылдар аралығында Шардара аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатында директор лауазымымен қызмет атқарған Төлбасы Батырханұлы саланың қиыншылығымен көптеген ауыртпашылықтарына төтеп бере білді. Кеңес Одағының тұсында халықты аса қажетті тауарлармен қамтамассыз ету қызметі сала мамандарына оңайға соққан жоқ. Саланың өзіндік қиыншылықтары да мол болды. Оның үстінде сол тұстардағы жоспарлы экономиканың да кейбір сәттерде аяққа тұсау болған кездері жоқ емес-ті. Қалың бұқарамен ұдайы байланыс орната отырып, Төлбасы аға өз кәсібін терең меңгере білді. Жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Байырқұм кеңшары Шардара ауданының құрамында болған уақыттарда, сол шаруашылықтағы дүкендер желісі директоры лауазымында болып, алыстағы малды ауылдар, шопан отарларының тұрмыстық қажетін өтеуге атсалысты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Байбақ» шағын кәсіпорнын ашып, кәсіпкерліктің қыр мен сырын қаныға меңгерді. Ал, 1995 жылдан бүгінгі күндерге дейін Шардара аудандық тұтынушылар қоғамының төрағасы қызметін атқарып келеді. Бұл құрылымның әр жылдары «Шардара тұтыну кооперативі», «Шардара селолық тұтыну кооперативі» және «Шардара — кооп тұтыну кооперативі басқармасы» болып атаулары өзгергенімен негізгі міндеттері өзгере қойған жоқ. Төлбасы Батырханұлының мемлекет атынан алған марапаттары да аз емес. Ардагер бүгінде «Шардара ауданының Құрметті азаматы». Бұған қоса Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Президент Жарлығымен «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалін тағынды. Ардақты ардагер бұл күндері де қол қусырып отырған жоқ. Шардара аудандық ардагерлер кеңесінің пленум мүшесі. Аудан деңгейіндегі келелі мәселелерді шешуге де ұдайы атсалысып тұрады. Шардара ауданының қоғамдық өмірінде өзіндік орны бар Төлбасы ағамыздың алар асуы түгесілген жоқ деген ойдамыз. Ардақты ардагеріміз аман болсын.
Н.СМАИЛОВ
Шардара аудандық тарихи — өлкетану музейінің меңгерушісі
Түркістан облысы